Оңтүстікте балық шаруашылығын оқытуда

Шардара қаласындағы №16 колледжде өңірімізде бұрын соңды болмаған балық шаруашылығы мамандығы оқытылады. Сондай-ақ, мұнда былтырғы жылы 5 қабатты барлық жағдайы жасалған жатақхана күрделі жөндеуден өткізіліп, шәкірттердің игілігіне тапсырылды. Студенттер білім алумен қатар, тәжірибе арттыруда да алда келеді.
Биылғы жылы колледжге «Нәтижелі жұмыспен қамту 2017-2021» бағдарламасы бойынша 150 студент оқуға қабылданған. Оқу бітіргенше олар жұмысшы және орта буын мамандығын алып шығады. Екі мамандық бойынша «Хамит» балық зауытында дуалды оқыту бойынша білім алуда. Аталған зауытта арнайы кабинет ашылған. Колледж басшылығы оқулықтармен, парта, құрал-жабдықтармен қамтыса, балық зауытының басшылығы бейнепроектормен жабдықтауға қол ұшын беріпті. Екі жақты меморандумның арқасында практикадағы студенттерді 100 пайыз жұмыспен қамтып отыр. Тәжірибеде жүргендерге қаржылай қолдау да көрсетуде. Колледждің директоры Зәкірхан Талбидин: » Колледждегі барлық мамандықтар бойынша 773 баланың қатысуымен «Уорлд скиллис» жобасы бойынша жарыс өтіп жатыр. Ол үш деңгейде өткізілуде. Оның пайдасы оқушылардың практикалық білімі арта түседі. Оқу талабына сай маман дайындалады. Оқыту барысында мұғалімдердің де біліктілігі, білімі арта түседі. Оған дайындық көп ізденісті талап етеді», — дейді.
«Уорлд скиллис» жобасы барысында студенттер бірінші теориялық сынақтардан өтсе, үшінші деңгейі қиындау, тапсырмаларды тәжірибе жүзінде орындайды. Студенттер бұл сынақтан сүрінбей өтетіндіктеріне бек сенімді. Бүгінде аталмыш оқу орынында жиһаз жасаушы, электрші, құрылысшы, дәнекерлеуші, балық шаруашылығы, аспаз, тігінші мамандықтары оқытылады. Әрі оқу бітірген түлектердің басым бөлігі жұмыспен қамтылады. Бәрі де заман талабына сай, сұранысқа ие мамандықтар.
Аталмыш білім бесігінде тәлім алып жатқан студенттер бүгінде сұраныссыз мамандық иесі болғаннан көрі табысы жоғары орта буын мамандығын игеріп шыққанның дұрыстығын құп көреді. Сондықтан да ертеңгі күні жұмыссыз қалмайтындықтарына сенімдері кәміл.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*