Шетелдік БАҚ өкілдері Отырар ауданында болды

Отырар ауданына шетелдік мәдениет және өнер тақырыптары бойынша маманданатын жетекші БАҚ өкілдері келіп, киелі Отырар тарихымен танысты. Аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш шетелдік қонақтарды алдымен «Қобыз бен Домбыра» кешені жанынан күтіп алып, құрмет көрсетті. Мұнан соң қонақтар «Арыстанбаб» кесенесіне барып зиярат жасады. Аты әлемге әйгілі болған «Ежелгі Отырар» қаласының көне тарихы шетелдік журналистердің қызығушылығын оятты. Кезінде Мысырды билеген сұлтан Бейбарыс пен әлемнің екінші ұстазы саналған Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны кім-кімді болмасын ойсыз қалдырмасы анық. Кесенені аралау барысында Отырардың тереңнен сыр шертетін бай мұрасына қаныққан қонақтар «Арыстан баба» мешіті жанындағы «Фараб» дәмханасында арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Дастарханда қазақтың ұлттық тағамдары құрт, қазы-қарта, шұбат және тағы да басқа астан дәм татқан шетелдік БАҚ өкілдері қонақжай отырарлықтарға алғыстарын білдірді.
Дастархан басында отырарлық өнерпаздар ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндерін шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қонақтарға аудан әкімі Ерлан Айтахановтың ыстық сәлемін жеткізген Рыскелді Салхутдинұлы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым дайын екендігін айтып, сапарларына сәттілік тіледі.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*