ОҚО-дағы Ордабасы тауы туристік орынға айналмақ

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы тауы халықтың рухани тынығатын, тарихпен танысып, рух жинайтын орынға айналады. Сол үшін қазір «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығын абаттандыру жобасы жасалып жатыр. Онда түрлі шаралар өткізетін амфитеатр, өткеннен мағлұмат беретін музей салынады. Ордабасы – нәубет заман «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұламадан» кейін қазақ халқының еңсесін қайта тіктеп, ары қарай бірлікте болуға бәтуаласқан жер. Осында үш жүздің биі бас қосып, жоңғар шапқыншыларына қарсы қол жинауды бастайды. Бұл – қазақтың жоңғарларды талқандайтын күшінің біріккен жері. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ордабасыда түркітілдес, көрші үш мемлекет Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанның басшылары кездеседі. Мұнда тарихи-мәдени қорық құрылған.

«Ордабасы – қазақ елінің бірлігін насихаттайтын, еліміздің рухын көтеретін киелі орын. Сондықтан да оны қайтадан жаңғыртып, киелі орынға ту тіксек деген ойымыз бар. Шығысында қарт Қаратау мен ақбас Алатау, оңтүстігінде дана Қазығұрт көрініп тұрған Ордабасының айналасы жазық дала. Жергілікті билік бұл жерді табиғатты тамашалап қана қоймай, рухани тынығатын орынға айналдырмақ» дейді ОҚО қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Бақытжан Әшірбеков.

«Абаттандыру жұмыстары да сол бағытта жүргелі жатыр. Халық барғанда, тарихтан сыр шертетіндей көріністі рухани жаңғыру аясында жасаймыз. 1000 гектар аймақты алып жатқан қорықта табиғатпен үйлесіп жататын амфитеатр салынады. Ел үшін маңызы зор тарихи сәттерді еске түсіретін архитектуралық мүсіндер орнатылмақшы. Сонда Ордабасы тауы өңірдегі ірі туристік әрі рухани орынға айналады» деді Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*