ОҚО: Бәйдібек ауданында мерекеге орай жаяу жүргіншілерге арналған көпір пайдалануға берілді

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында 1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Боралдай ауылдық округіне қарасты Орынбай Тайманов пен Ақжар елді мекендерін бөліп тұрған жаңа аспалы көпірдің ашылғанына жергілікті халық дән риза. Шараға Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрғали Айтбеков қатысып, көпірдің ауыл жұрты үшін қажетті болғандығын айтты. 

«Облыстық бюджеттен 45 миллион 306 мың теңге қаржы бөлініп, маусым айында ұзындығы 144 метр болатын аспалы көпір құрылысын қолға алған «ЖБИ-С» ЖШС-і белгіленген мерзімде ел игілігіне пайдалануға беріп отыр. Тұңғыш Президенті күніне орай беріліп жатқан көпір ел игілігіне қызмет ете берсін», — деді Нұрғали Мәметұлы.

Айта кетерлігі, біраз жылдардан бері 300-ге жуық тұрғыны бар Ақжар ауылын қосатын көпірдің нашарлығынан Боралдай өзенінен өту ауыл тұрғындары үшін қиынға соққан. Көптің тілегі орындалып, көпірдің   пайдалануға беріліп отырғандығына Ақжар елді мекенінің тұрғындары ризашылықтарын білдірді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*