Тұңғыш Президент күні қарсаңында отырарлықтар марапатқа ие болды

Өз тағдырын өзі айқындауға алғашқы қадамын жасаған Қазақстан халқы үшін 1 желтоқсан мерейлі мереке. Бұл баршамыз үшін қуанышты оқиға болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы басшылығымен халқымыз Тәуелсіздік Туын биікке көтерді. Ата Заңымызды, Рәміздерімізді және басқа да рухани құндылықтарымызды қастерлей отырып, өміріміздің сан-саласын дамыту, жас мемлекетіміздің абыройын асқақтату жолында тамаша бастамалар өмірге келді. Ел сенімін арқалап, тізгінін ұстаған тұлғаның Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы өзіндік орны ерекше. Осынау мереке қарсаңында Отырар аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов аудан әкіміне Нәзір Төреқұлов атындағы Халықаралық қордың арнайы төсбелгісін кеудесіне тақты. Мұнан соң аудан басшысы көп балалы Батыр аналарды және Ел ынтымағы мен бірлігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерді марапаттап, сый-сияпаттар табыстады.
Аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков және «Шуақты аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қалдан Байжұман мерекенің маңызына тоқтала келіп, қатысушыларды құттықтады.
Мерекелік жиын соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Мұндағы бір ерекшелік кәсіби әншілерден бөлек мемлекеттік қызметшілерден құралған хор «Атамекен» әнін орындауы болды. Отырарлықтар осылайша мерекелік көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*