ОҚО-да «Рухани жаңғыру: Береке басы – бірлік» келелі жиын өтті

Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңіріміздегі ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді. «Рухани жаңғыру: Береке басы – бірлік» атты жиынның мақсаты – жыл бойы атқарылған жұмыстарға баға беріп, алдағы атқарылар жұмыстарды кеңесу болатын.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне жеті айдан аса уақыт өтті. Содан бері елімізде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында да идеология саласында қоғамдық сананы жаңғырту бағытында түрлі жобалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Дөңгелек үстел барысында сөз алған өңір басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында 66 жоба бойынша 121 іс-шараны жүзеге асыру қолға алынғанын жеткізді.

«Қымбатты ағалар мен апалар! Сіздерді Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бірлесе жүзеге асыруға шақырамын. Алдағы кезде біз де талапты күшейте түсеміз. Облыстағы 720 мыңнан астам жылжымайтын мүліктің келбетін көріктендіруге қол жеткіземіз. Әлбетте, бұл ретте сіздердің көмектеріңізге сүйенетін боламыз. Жастарымыздың тәлім-тәрбиесіне, біліміне аса көңіл бөлуіміз қажет. Осы тұрғыда Сіздердің қосар үлестеріңіз орасан зор. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, Сіздер біздің қазынамыз болумен қатар, бағыт-бағдар беретін даналықтың сарқылмас бұлағысыздар», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов баяндама жасап, елді бірлік пен ынтымаққа шақыруда ардагерлердің еңбегі орасан екенін атап өтті. Ол сондай-ақ ардагерлерді Елбасы мақаласының ел арасында өз деңгейінде насихатталуына күш салуға шақырды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*