ОҚО-да ІІД қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өседі

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс он жетінші сессиясында тағы бір мәселе талқыланды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, облыстық, аумақтық департамент, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысқан жиында бірінші кезекте халық қалаулылары облыстық маслихаттың «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу жайын талқылады. Нәтижесінде ішкі істер департамент қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларын 25 пайызға өсіру мақсатында республикалық бюджеттен 569,9 млн теңге бөлінетін болып бекітілді.

Сондай-ақ, сессия барысында облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды. Халық қалаулыларының келісімімен облыстық мәслихаты комиссиясының құрамы өзгерді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты шешімімен Тасыбаев Әбдірахман Батырбекұлы берген өтінішіне сәйкес, 2017 жылғы 30 қарашадан бастап, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі лауазымынан босатылды.

Өз кезегінде сөз алған өңір басшысы 2020 жылға қарай балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту мәселесіне ерекше тоқталды.

Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және халықты ауыз сумен қамту бағытындағы атқарылар мәселелерге басымдық беруді тапсырды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*