Шымкент қаласы әкімдігінің youtube желісінде өз каналы пайда болады

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаевтың облыс және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен, республикалық БАҚ меншікті тілшілерімен өткен кездесу барысында айтылды.Басқосуда Нұрлан Ермекұлы қала әкімдігінің жұмысы алдағы уақытта қалай жүзеге асырылатынын, баса мән берілетін негізгі бағыттар туралы әңгімеледі.

Ең бастысы – бұл қала тұрғындары. Әкімдіктің жұмысы тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартатын әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталады.

Негізгі бағыттар:
— көлік (жолдар, қоғамдық көлік және т.б.);
— тұрғын үй-коммуналды шаруашылық (коммуналды қызметпен қамтамасыз ету);
— әлеуметтік нысандар (балабақшалар, мектептер, кітапханалар мен ауруханаларды соғу);
— қауіпсіздік;
— халықты жұмыспен қамту.

Қала әкімі жаңаша өрбитін жұмыс туралы да айтты: «Менің алдымдағы әкім Ғабидолла Әбдірахымов халықпен кері байланысуда үлкен жұмысты бастап кетті. Бұл жұмыс жалғасады және бұрынғыдан да күшейтіледі. Нақты айтсақ, енді әкімдіктің ақпарат хабарламаларын тарататын ресми өкілі бар. Ол әкімнің, әкім орынбасарлары мен бөлім басшыларының жұмысы туралы сұрақтарға жауап береді немесе қажет спикерді дайындайды. Бұған қоса youtube желісінде әкімдіктің жұмысын жариялайтын өз каналы болады. Бұған қоса қосымша ақпарат көздері – әлеуметтік желілер мен сайт та бар», —деді қала әкімі.

Шаһар басшысы журналистердің сыни мақалалары жұмысқа өз көмегін тигізетінін атап өтті: «Мен сіздердің кез келген әкімге берілген бюджет шектеулі екенін түсінгендеріңізді қалаймын. Мысалы, шаһарда 3000 шақырымнан астам көлік жолы бар. Асфальт солардың жартысына ғана төселген. Әрине, қаланың даму бюджетін жол салуға жұмсай алар едік, бірақ, онда біз бірде-бір балабақша немесе мектеп сала алмаймыз, басқа маңызды бағыттағы жұмыс та тұралап қалар еді. Барлық нәрсеге қаржы жетпейтінін анық түсініп, маңызды бағыттарды нақтылап алуымыз керек».

Кездесу соңы біртіндеп еркін әңгімелесуге ұласты.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*