Кентауда «Серпін» бағдарламасы насихатталды

«Серпін-2050: Мәңгілік ел жастары — индустрияға» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласынан 2014-2015 жылы 10 студент, 2015-2016 жылы 3 студент, 2016-2017 жылы 20 студент, 2017-2018 жылы 16 студент серпіндік аталып, Солтүстік, Батыс, Шығыс Қазақстанның колледждері мен жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Қала жастарына «Серпін» бағдарламасын жан жақты түсіндіру, әлеуметтік жоба аясында Оңтүстіктен Солтүстікке барып білім аламын, қызмет етемін деген қала тұрғындарын анықтап, оларға жағдай жасау мақсатында «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырды.

«Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағымбек Асылбеков жастарға еңбек ресурстарының мол артықшылығы орын алып отырған республиканың Оңтүстік өңірінің жастарын еңбек ресурстарына сұраныс көп батыс және солтүстік аймақтарда білім алуға жағдай жасап, кейін сол жерлерде жұмысқа орналастыру мүмкіндігін жасау екендігін түсіндірді.

Ал, жұмыссыз жастар Оңтүстіктен Солтүстікке барған жағдайда көптеген әлеуметтік көмектер көрсетілетіндігін айтқан Жастарға кызмет көрсету орталығының директоры Қанат Бекметов «Серпін – 2050 әлеуметтік жобасы» туралы қажетті ақпаратты http://serpin.kz/ сайтынан алуға болатынын айтып өтті.

Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Әуелбеков  бағдарламаның алғашқы қорытындыларымен бөлісті.

Жалпы «Серпін» бағдарламасы бойынша солтүстікте Кентаулық 49 жас білім алуда. Рудный тау-кен технология колледжін бірінші «Серпіндіктер» оқуларын аяқтап,  олардың қолдарына дипломдарын алды. Түлектерге  Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік  бірлестігі  жұмыс ұсынып,   қызметтік пәтер де берген.

Кездесуде қатысқан жастар пікір білдіріп, өз ойларын ортаға салып, жастардың қойған сұрақтарына сала мамандары кең көлемді жауаптар берді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*