Шымкентте жылына 600 миллион таблетка дәрі-дәрмек шығаратын цех жұмыс істей бастады

Шымкент қаласында жылына 600 миллион таблетка шығаруға қауқарлы «Химфарм» акционерлік қоғамының қатты дәрілер шығаратын цехы іске қосылды. Аталған Polpharma тобының төртінші цехының іске қосылуына бүгін Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында рұқсат етті.

Жалпы құны 13,5 млн АҚШ доллары болатын бұл жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылды. Салалық GMP стандарына толық сай келетін бұл цехта жылына түрлі дертті емдеуге арналған 20 миллионнан астам қорап дәрі шығарылады. Алдағы уақытта цех жылына 600 миллион таблетка шығаруды жоспарлап отыр. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді дейді компания өкілдері. Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған 20 пайызы экспортқа жіберіледі деп жоспарлануда дейді олар.
Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі арнайы Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Бұл жоба — Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бір бөлігі болып табылады.

Бүгінгі таңда зауытта 1200-ден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Өндірістің барлығы әлемдік сапа стандартына сай келеді. «Химфарм» АҚ жобалары Президенттің фармацевтикалық саладағы отандық өндіріс үлесін арттыру тапсырмасымен индустриаландыру және жаһандық жаңару бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*