Шымкент қаласының бюджеті мен жолаушылар көлігі мәселесі талқыланды

Ағымдағы жылдың 9 айында Шымкент қаласының кіріс бюджеті 38,4 миллиард теңгені құраған. Яғни, жоспар 1,8 миллиард теңгеге артық орындалған. Бұл жөнінде қала әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте баяндама жасаған қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжебек Жанбосынов мәлім етті.

Баяндамашы өз кезегінде коммуналдық меншiктiң сақталуы мен пайдаланылуын жүйелi түрде бақылап отыру үшiн бөлiм басшыларын бiрлесе жұмыс iстеуге шақырды.

«Қалалық коммуналдық меншiктегi бос және пайдаланылмай тұрған мүлiктердi жалға берiп, қала бюджетiнiң кiрiсiн ұлғайту керек. Бұл үшiн бiзге бос және пайдаланылмай тұрған мүлiктер туралы мәлiметтердi дер кезiнде берулерiңiздi өтiнемiз», – дедi Кенжебек Керiмбекұлы.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Мұнан кейін «Сур ресурстары маркетингі» ЖШС-нің мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы қолға алған жұмыстарының барысы талданды. Мекеме басшысы Анарбек Орманның айтуынша, биыл республикалық бюджеттен 4 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалып, 6 шағынаудан бойынша 17 мың үйге кәріз жүйелері тартылған. Дегенмен, күні бүгінге дейін тек 315 үй ғана кәріз жүйесіне қосылыпты.

«Әрбір үйдің көше бойына жүріп өткен кәріз жүйесінен құбыр тартып, жүйеге қосылуы үшін шамамен 150-180 мың теңге аралығында қаржысы жұмсалады. Осыған байланысты жүйеге қосылуға асықпайтындардың қатары көп. Осы істе қолдау көрсетулеріңізді сұранамын», – деді Анарбек Орман.

Осы мәселеге орай, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу үшін қала әкімі аудан әкімдіктеріне 2 апта уақыт белгіледі.

Сондай-ақ, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев қоғамдық көліктердің бүгінгі ахуалына талдау жасады. Өз кезегінде, қала әкімі тиісті сала мамандарына әрбір аялдамалар бойынша автобус кестесін әзірлеуді, арнайы қоқыс жәшіктерін орнатуды және аялдамаларды жарықтандыруды тапсырды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*