Украиналық журналист Назарбаевты шығыстың ғұламасына теңеді

Украиналық журналист Дмитрий Гордон, қаңтардың 18 күні «112 Украина» телеарнасындағы «Вечерный прайм» бағдарламасына сұхбат берді. Бағдарлама барысында Украйна мен Ресей арасындағы шиеленіскен жағдай кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, Украйнаның жоғарғы радасында жақында ғана қабылданған жаңа заң мәселесі төңірегінде әңгіме болды. Ол заң Ресейді агрессор ел ретінде тану жөнінде болатын.Батыс елдері мен Ресейдің саясатын әңгімелей отырып, журналист Назарбаевтың жуырда ғана АҚШ-қа жасаған сапарына тоқталып өтті. Сондай-ақ, Дмитрий Гордон үшін Елбасы кемеңгер саясаткер болып табылады екен.

«Назарбаевты посткеңестік елдер ішіндегі мықты саясаткерлердің бірі деп білемін. Ең мықтысы да сол. Мен оның Трамппен кездесуін бақылап, зерделедім. Қос ел арасында керемет қарым-қатынас қалыптасқан. Американың Қазақстанға салған инвестициясы 50 миллиард долларға жеткен. Қараңызшы, Қазақстанның экономикасы қалай көтеріліп келеді. Мен Алматы қаласында болып, адамдардың қалай өмір сүретінін зерделеп, көріп шықтым. Назарбаев шығыстың ғұламаларындай өз халқын өркениетке алып барады» дейді ол.

Украйналық журналист Қазақстанның даму жолына тәнті екенін де жасырмады.

«Маған Горбачев Назарбаев жайлы көп айтқан.  Горбачев Назарбаевты КСРО-ның премьер-министрі қылмақшы болған» деді.