Адамның басы әкімдердің добы болған ба?

«Жансейіт аға сізді көргеніме өмірімде бақытты шығармын» деп бастады Шымкент қаласы әкімінің жылдық есебіне келген Достық шағын ауданының тұрғыны Сайдыңгүл Түзелқызы. «Сізбен жүздесу арман болды маған» деп жалғады ол сөзін.Айтуынша, Достық шағын ауданында негізінен көп балалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мүгедектер, жетім-жесірлер тұрады екен. Себебі, ондағы жер учаскелері әлеуметтік аз қамтылған  азаматтарға мемлекет тарапынан тегін берілген.

«Біздің Достықта тұрып жатқанымызға 10 жыл болды. Бірақ, қала әкімінің орынбасары Жанбосынов бізге 1,5 миллион қалдық құнды шығарып қойды. Өзіміз жетім-жесір, мүгедек, аз қамтылған отбасылар болсақ, ол ақшаны қалай төлейміз» деп мәселе көтерді.

Сайдыңгүл апай бұл мәселені бұған дейін  де жергілікті атқамінерлерге айтып талай барған екен. Тіпті, Түймебаевқа дейінгі облыс басшыларына да айтпақ болған. Дегенмен, әкімдердің қабылдауына кіру мүмкін болмапты.

«Өткенде сізге кіреміз деп барып едік, Қалалық тұрғын үй бөлімінің басшысы Әбдінұров деген мырза бізді сол жерден алдап алып кетті. Пәлен күні осы кабинетте болыңдар, сендердің мәселелеріңді шешіп беремін деді.  Біз бардық, допқа ұқсатып домалатып жатыр. Ол жерден қашып кетті ол кісі. Жоқ. Өткен аптада есеп беру жиналысы болды. Тым болмаса сонда айтайық шағымымызды деп едік,  ол жерде де өзі болмады. Біз ешқандай сізге жете алмаймыз. Міне, жазған құжатты сіздің қолыңызға ғана тапсырамыз. Бұл жерде ешкімге сенбейміз біз. Себебі, біздің Шымкентте әкімдер өңкей жетім-жесірлерді, көп балалы аналарды доп қылып домалатып үйреніп қалған» деп ашына сөйледі. Өз кезегінде, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы, арызданушымен жеке кездесіп, мәселені май шаммен қарауға уәде берді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*