Мақтааралда мектеп түлектері көпір салды

Қазіргі таңда ауданымызда да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында көңіл сүйсінерлік жұмыстар жүзеге асырылуда. Аталмыш мақаланың түпкі мақсаты – халыққа арналғанымен, соның ішінде жастарға деген үлесі басым.

Жастардың білімділігі, дүниетанымдылық ой-өрісі алдыңғы кезекте тұрады. Сондықтан да, рухани жаңғыруды сипаттау, патриоттық сезімді ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту, туған жердің халқына деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыру, жастар бойына ұлттық рухты сіңіру қажет. Туған жерге тигізген пайдасы мен қосқан үлесін дәріптеп, өзгелерге үлгі ету де біздің азаматтық міндетіміз болып қала береді.

Осындай игі де жарқын істердің бірі Қазыбек би ауылдық округіндегі «Алғабас» ауылында көрініс тапты. Осыдан 10 жыл бұрын М.Жұмабаев атындағы орта мектепті бітірген түлектер канал үстінен жаяу жүргіншілерге арнап көпір салып және 30-40 метрдей жерді асфальттап берді.

Әуелі сәулетші Тастанбай Айтжанов көпірдің жобасын сызды. Дәнекерлеуші Ержігіт Мырзахметов өзіне тиісті жұмысты сапалы етіп орындады.

Ж.Архабаев, Д.Айтбаев, Б.Байкөбеков, Қ.Баймырзаев, Д.Талтанов, Н.Төленов, Н.Мырзахметов, Р.Мақсатов, Н.Файзуллаев, М.Жүсіпов, Ә.Нұрышов сияқты барлығы 11 сыныптастар арадан қаражат жинап, көпірді салып бітірді. Өткен айдың 23 күні оны ашудың салтанаты болды. Оған ауыл азаматтары түгел жиналды. Лента қию құрметіне ауыл ақсақалы Жұмаділла Тәңкібаев ие болды. Ауылдық округ әкімшілігінің қызметкері Қайрат Төреханов сөз сөйлеп, көпір салған азаматтарға алғысын білдірді. «Алғабас» ауылының биі Өскен Тәукебаев та сауап іске ризашылығын білдіріп, мұндай игі бастама кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалатынын айтты.

-Әсіресе, М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебіне барып оқитын оқушыларға қолайлы жағдай туғызды. Бұл көпірді салуға сыныптас азаматтар 500 мың теңге қаражат жұмсады, — деді Ө.Тәукебаев бізге.

(с) Ақыл ТӨРЕ,
Суретті түсірген Мұрат ТҰРСЫМЕТОВ.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*