ОҚО-да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының офицері тілсіз жаумен күресіп 5 жасар баланы ажал аузынан алып қалды

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының ОҚО бойынша Департаментінің Мақтаарал аймағы ауданаралық басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері Марат Оразов, «Достық» каналының №7 шлюзі тұсында суға түсіп кеткен 5 жасар Елдосты құтақарып қалды- деп жазады «Мақтаарал» газеті.

Оқиға Мақтаарал ауданындағы 20 шақты үйден тұратын №6 ферма деп аталатын шағын ауылда орын алған. 24-наурыз күні Елдос есімді  бала өзі қатарларымен бірге «Достық» каналының №7 шлюзі тұсындағы жағалауында ойнап жүріп, су жағасында өсіп тұрған бір ағашқа өрмелеп шықпақ болады. Дегенмен, майысқақ жас тал балалардың салмағын көтере алмай сынып кетеді. Сынған ағашпен бірге суға құлаған балалардың арасында Елдос судың ағысы қатты тұсына түссе, қалғандары су жағасына құлап, жағалауға қайта шығып үлгереді. Ал, Елдос екпінді ағыспен судың тереңдеу тұсынан бірақ шығады. Аталмыш каналдың тереңдігі 6 метр, ені 40 метрге жуық. Елдостың суға батып-шығып ағып бара жатқанын каналдың арғы жағалауында өз шаруасымен жүрген бір азамат байқаған.
«Бұл күні ауа райы едәуір суық еді. Қызылорда облысына жауған қардың ызғары сезіліп тұрды. Өз шаруаммен «Достық» каналының жағалауында жүргенімде каналдың арғы бетінен шуылдаған кішкентай балалардың дауысын естідім. Қарасам бір баланың басы судың бетінде қалқып барады. Каналдың суы көбейген кезі болса керек, ағысы қатты. Жан-жағымда кім бар екен деген оймен қарасам анадайда бір жас жігіт жүр екен. Дереу оған жетіп барып «Суда бала ағып барады, құтқарып алайық. Сен маған қарағанда жассың ғой, тез жүзесің» дегенімде ол жүзе алмайтынын айтты. Не де болса өз көлігіме мініп, каналдың екінші жағына өттім. Дегенмен, жағалауға көлік өте алмайтындай етіп тосқауыл қойылғандықтан баланың ағып бара жатқан жеріне дейін көлігіммен жете алмадым. Елу-алпыс метрдей қалғанда көлігімді тастап, өзім жүгіріп барсам бала судан көрінбейді. Үлгере алмадым –ау деп тұрғанымда ортасына таман басы білінер-білінбес кетіп барады екен. Жалма-жан сырт киімім мен аяқ киімімді шешіп суға сүңгідім. Су тастай суық. Бала суға қойылған бекеттерге 5-6 метр жақындап қалған. Сол бекеттің ұйығы жұтып кетпей жатып құтқарып қалсам деп барынша жылдамдатып жүзіп жеттім ғой. Баланы киімінен тартып көтерсем көзі ашық, беті көгеріп кеткен, денесі мұздап қатып қалыпты. Ендігі мақсат- қайтсем де бекеттің ұйығына баламен бірге тартылып кетпей жағалауға шығу. Оң қолыммен баланың басын жоғары қарата көтеріп, сол қолыммен жүзіп ағысқа қарай ұмтылдым. Сол сәтте ағысы қатты судан 5-6 метрдегі жағалауға жету мен үшін өте қиын болды. Суық судан аяғымның саусақтары жансызданып бастады. Енді тіземнен де жан кетсе менің де ажалымның жеткен жері осы болар деген үрей бойымды билей бастады. Жағалауға 2 метрдей қалғанда қатты қалжырадым. Қолымдағы баланы жағалауға лақтырайын десем тура мен ойлағандай жағалауға түсе ме, жоқ па деген сенімсіздік те бұл ойымды іске асыруға мұрша бергізбеді. Бір метр қалғанда әлгі баланың жанындағы серігі кішкентай ғана балақан қолында шыбығы бар «Көке, мына таяқтан ұстаңыз» деп маған ұсынып жылап тұр. Шыбықтан ұстайын десем, ол баланың өзін де суға тартып кететін түрім бар. «Әрі кет» деп айқайладым жанашыр болған балақайға. Баланы құтқарамын деп өзім де өлім мен өмірдің арасында жанталасқан бойда жағалауға жетіп, қолымдағы баланы жағаға лақтырдым. Шаршап қалған қолымның әлі жетпеген болуы керек бала қайта суға түсті. Қайтадан ұстап алып, не де болса жағада өсіп тұрған қамысқа жармасқанымда жұлынып кетті. Тағы да қамысты қармап ұстап, зорға дегенде жағаға да шықтым-ау. Балада қимыл жоқ, денесі сіресіп тыныс алмай жатыр. Біз жағаға шыққан соң әлгі мен көмекке шақырған жігіт қасында тағы бір серігі бар екеуі келіп, балаға жасанды дем бермек болды. Мен «Балаға тимеңдер. Алдымен мені сүйеп тұрғызыңдар» дедім. Бұл уақытта менің де бір тіземнен жан кете бастаған еді. Олар мені қолтығымнан сүйеп, тұрғызды. Баланы алдыма алып, басын суға қаратып, қарысып, сіресіп қалған жағына сұқ саусағымды тығып жағын аштым да екі өкпесін қысып едім, бағаналы бері мұрнынан ағып жатқан лас су аузынан шықты. Қайта-қайта өкпесінен қысып, бойындағы судан жеңілдеген соң баланың қолындағы саусақтары қимылдай бастады. Қасымдағы әлгі жігіттер балаға жан бітті деп қуанып шулады. Сәлден соң кірпігін қағып, өзі де қимылдай бастады. Бүлдіршіннің тірі екеніне әбден көзім жеткенде ғана «Қорықпа, балақай. Кім болсаң да, көрер жарығың бар екен» деп басынан сипап, құшақтадым. Жігіттерге «Жедел жәрдем» шақырыңдар дедім. Осы тұста баланың әкесі Айбатыр да келіп қалды. Барынша тоңып қалған балғынды әкесіне тапсырып, өзім киімімді ауыстыруға үйге кеттім. Суық суда біршама уақыт жүріп қалғандықтан болар ертесіне екі бүйрегім ауырсынып бастады»- дейді Марат Рахатұлы.

Бауыр еті баласынан айырылып қала жаздаған Ыбыраевтар отбасы естіген, көргендеріне сене алмай шошынғанынан құтқарушының кім екенін де сұрастырмаған еді. Дер кезінде құтқарылып, денсаулығы бері қарағанда ғана Елдостың аман қалуына себепкер жанды іздестіре бастайды. Осылайша бейбіт күнде ерлік жасаған, балаларына екінші рет өмір сыйлаған Марат Оразовты да тапты. Бар ынта-ықыласымен алғыстарын білдіріп, сый-сияпат жасамақ та болыпты. Алайда, Марат Оразов үшін олардың берген сыйлығынан гөрі адамның өмірі маңызды еді. Сол үшін де шын пейілімен ұсынылған сыйлықтан бас тартқан.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*