«Сауранбаев тілі» ұятым менің! Тәуке хан мен Қазыбек биді жаза алмайтын Шымкент қалай жаңғырып жатыр?

Кешегі аптада «фэйсбук» әлеуметтік желісінің белсендісі Бейбіт Қазыбеков, өзінің парақшасына Шымкенттегі Тұрар Рысқұлов көшесінің бойында түсірген бір суретті жариялады.

Өздеріңіз байқағандай суретте «Шанырақ қафесі» деп жазылған. Бейбіттің жайдарман ойындарына жастарды баулып, тәрбиелеп жүргенінен хабардармыз. Сол себепті, бұл сурет оның кезекті қалжыңы болар деп ойлаған едік. Алайда сол көшемен өтіп бара жатып, оның мүлде қалжыңдамағанына куә болдық. Иә, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» демекші, кәсіпкер мұнымен не айтқысы келді? Шаңырақ сөзіндегі «Ң» әрпіне қолы жетпей, кафені «қафе» деуі, ресми тілге қыр көрсеткені ме, әлде мемлекеттік тілді дамытудың жолы деп тапты ма екен? «Әйтеуір бұлай біз қазақ тіліне абырой әпермейтініміз анық»- деп ашуға булығып Қазыбек би көшесімен келе жатып тағы бір сыртқы жарнамаға еріксіз көз түсті.  Шымкенттегі жастар жиі баратын «Мармелад» дәмханасының қожайыны Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздан «Қ» әрпін қызғанғандай. Бұлар неге бетімен кеткен? Бірі «Қ» әрпін қажет емес жерге апарып қыстырса, екіншісі би есіміне «Қ» әрпін таппай отыр. Әлде кәсіпкер Қазыбек би деп қазақшалап жазса, өзге этнос өкілдері түсінбей қалады деп «қатты уайымдадыма» екен? Жалпы қалада сыртқы жарнаманы бақылайтын бір мекеменің болмағаны ма? Болса неге жүгенсіздікке жол берген? «Егер тілім бүгін өлсе, ертең өзім өлуге дайынмы»- деп, Гамзатовша ұрандатқан қала басшысы Нұрлан Сауранбаевтың сөзі қайда? Ол есептен бері де бірнеше ай өтті. Мына қателіктерді түзетуге болар еді ғой. Әкім мырза «халықпен өтетін жиындарды жалынды сөздермен жауып, кейін қол сілтеп кете барамын» деді ме екен? Олай ойласа қатты қателеседі! Бүгінгі қоғамның көзі ашық, көкірегі ояу. Тоқсаныншы жылдары «тізесі шыққан» тәсілдермен бүгінгі жұртты алдай алмайсыз.

Ал, Қазыбек би көшесімен жоғары қарай көтерілсеңіз, «әлгі сауатсыз кәсіпкерлер бұл қателіктерді атқарушы биліктен үйренді ме» екен деген ойға келесіз. Қор болған Қазыбек бабам-ай! «Сендер қатты қателесіп жүрсіңдер Қаз дауысты бидің аты Қазыбек емес, Казыбек» дегендей дұрыс нұсқасын қатесімен жамап кетіпті. «Қойшы, ресми тілге аударған түрі шығар» дейін десең, астына «көшесі» деп жазулы тұр. Оу қазағым, бұл не мазағың?

Қатеге толы Қазыбек биден көңіл құлазып, Ғани Іляев көшесіне бұрылып төмен түстік. Әріптерінің біркелкілігі әдірем қалған Ғани Іляев көшесінде қателікті байқамадық. «Оған да тәубе» деп, Жұмабек Тәшенов көшесімен қиылысқа жеткенде, құдды қала әкімінің қазақшасына ұқсап, осындағы «Кукси» дәмханасына қазақ тілінде жазылған тақтайша жетпей қалғандай. Яғни, «Ғ.Іляев»-мыз, «Г.Иляева»-ға айналған. Қызығы сол, Ғ.Іляев көшесінде орыс тілді тақтайша тек осы дәмханада ілулі. Басқа барлық ғимараттарда мемлекеттік тілде жазылған. Мұның сырын ұға алмай, ойға шомып Жұмабек Тәшенов көшесі арқылы қаланың қақ ортасындағы Тәуке хан даңғылына шықтық. Орталық көшеде орналасқан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ғимаратында тұрған мына тақтайшаны сіз де байқаған боларсыз?Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асырамыз деп аттандап жүргенімізге бір жылдан асты. Әз Тәуке мен Қазыбек бидің атын тура жаза алмайтын Шымкент қалай жаңғырмақ? Көшесінде қатесі шұбырған қалаға «қазақы қаймағы бұзылмаған» деген теңеуді айтудың өзі «ағаттық-ау» деп қаласың мұндайда. Экс-мәжілісмен, жерлесіміз Шалатай Мырзахметовке «бірге мемлекеттік тіл үшін жұмыс істейік» деген Сауранбаев қайда қарап отыр? Көз алдындағы ғимаратта тұрған Тәуке ханның «Тауке хан» болып қате жазылғанын бес айдан бері байқамағаны ма?

Соңғы кездері қаланы тек Ж.Түймебаевпен бірге аралауға шығатын секілді әсер қалдырып жүрген Нұрлан Ермекұлы, тағы нені байқамай жүр? Ол жөнінде әлі жазатын боламыз.

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*