«Сауранбаев тілі» әлі де ұяттау! «Қ»-ны тапты, «ә» тапшы

Естеріңізде болса, кешегі апта сайтымызда «Сауранбаев тілі» ұятым менің! Тәуке хан мен Қазыбек биді жаза алмайтын Шымкент қалай жаңғырып жатыр?» деген тақырыпта мақала жарық көрген болатын.  Онда Шымкенттегі көшелердің атауы жазылған тақтайшаларда қателердің шұбырып жүргені жөнінде жазған болатынбыз. Десе де, қала әкімі Нұрлан Ермекұлы сынымызды дұрыс қабылдап, сеңді қозғалтты. Арадан апта өтпей жатып, бұған дейін шаһарды басқарған ешбір әкімнің қолынан келмеген Қазыбек би көшесіндегі тақтайшалардағы қателікті түзетіп, «Қ» әрпін орнына қайтарған. Мұны байқаған осы көшедегі «Мармелад» дәмханасы қожайынының да ұяты оянып, ол да «Қ» әрпінің құйрығын «түкіріктеп» болсын ақ қағазбен жабыстырып беріпті.Сонымен қатар, Ғани Іляев пен Жұмабек Тәшенов көшелерінің қиылысындағы «Кукси» дәмханасына ілінген тақтайша да ауыстырылған. Баяғы «Г.Иляева»-мыз, «Ғ.Іляев»-қа айналды.Тәуке хан даңғылындағы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ғимаратында тұрған «Тауке хан» жазуының да біржолата ға көзі жойылған секілді.Алайда, «Ә» әрпін табу әкімдіктегілерге қиындық тудырып жатқандай. Өйткені, түзетілген дұрыс нұсқасы орнына қайта ілінбеген. Оның үстіне, Мәделі Қожа көшесі де «Ә»-ге аса зәру.Өкінішке орай, Сауранбаев мырзаның бұл игі бастамасы кәсіпкерлер тарапынан қолдау таппай отыр. Тұрар Рысқұлов көшесі бойындағы қазақ тілінде қате жазылған жарнамалық баннерлердің күн санап артуы сөзімізге дәлел бола алады.Бұл енді іскер азаматтардың өзінің еліне, мемлекеттік тілге деген құрметінің, патриоттық сезімінің деңгейін білдірсе керек-ті. Кім біледі? Біздегі бизнес өкілдері де қорқытқанды сыйлайтын деңгейге түскен болар? Сонда қателігін түзету үшін міндетті түрде айыппұл салып, заңмен жазалау қажет пе? Олардың осыған еттері үйреніп алғандай.

Нұрлан Ермекұлының өз сөзін ісімен дәлелдей бастауы көңілге қуаныш ұялатады, әрине. Десе де, әкімдіктің осы салаға жауапты мамандары тек біз шұқып көрсеткен тақтайшаларды түзетіп қана қоймай, қала көшелерінде жаппай қатемен жұмыс жүргізсе.

Біз өз кезегімізде қаладағы өзекті мәселелерді Нұрлан Сауранбаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың назарына ұсынуды жалғастырамыз…

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*