«ОҚО Журналистер одағы» командасы «Жетісу» кубогының иегері атанды

Талдықорған қаласында сәуір айының 28-29 күндері Алматы облысының әкімдігі, ішкі саясат, денешынықтыру және спорт басқармаларының ұйымдастыруымен «Жетісу», «Огни Алатау» газеттерінің 100 жылдығы аясында шағын футболдан журналистер арасында республикалық турнир өтті. Жарысқа еліміздің түрлі аймақтарынан 20-дан астам команда қатысу үшін ниет білдіргенімен, барлығының Жетісу өңіріне жетуге мүмкіндігі болмапты.Есесіне, Талдықорған топырағына сайдың тасындай іріктелген, ала допты ұршықша иіретін журналистерден жасақталған тоғыз команда кім мықтыны анықтады!Бұл сында түстіктен «ОҚО Журналистер одағы» командасы барып, бақ сынаған болатын. Ә, дегеннен жеребе күнгейден келген қаламгерлерге жолдас болды деуге ауыз бармайды.  Төрешілер жарысқа қатысушылардың саны тақ санға келіп тоқталған соң, оларды А және Б тобына бөліп өз қарсыластарынан үстем болған екі команда финалдық кезеңге жолдама алатынын жеткізді де, жеребе тарту рәсімін бастап жіберді.Нәтежиесінде «ОҚО Журналистер одағының» жігіттері А тобында Астанада өтіп жатқан БАҚ лиганың лидері «Хабар» агенттігінің командасымен және жергілікті «Жетісу», «Спорт 59», Алматы құрамаларымен өзара бақ сынайтын болды.Талдықорғандағы заманауи талаптарға сай «Жастар» спорт кешенінде басталған жарыстың бірінші кездесуінде оңтүстік журналистері жетісулықтардан 7-0 есебімен басым түсті. Мұнан кейін Елордадан келген «Спорт 59» командасының жігіттері де шымкенттіктердің қарқынына шыдамай, қақпаларына 5 гол жіберіп алды. Ал, топтың үшінші ойынында түстік жігіттері тағы бір астаналық команда «Хабар» телеарнасының командасын өз қақпасына қарай тықсырып, 5-2 есебімен басымдыққа ие болған. Алайда, хабарлықтар оңай шағылатын жаңғақ емес екенін, БАҚ лига кестесінде бекер топ бастап тұрмағанын дәлелдей алды. Яғни, ойынның соңына қарай жинала білген елордалықтар есепті теңестіріп ғана қоймай, 6-5 есебімен жеңіп кетті.Мойындау керек, бұл ойын «Хабар» арнасының жігіттеріне жігер сыйласа, «ОҚО Журналистер одағының» командасын есеңгіретіп, сағын сындырғандай болды. Сол себепті, топтық кезеңнің төртінші ойынында біздің жігіттер алматылық  қарсыластарының қақпасын ұзақ уақыт көздей алмай жүрді. Десе де, қарсыластың қақпасына жасалған толассыз шабуылдар өз нәтежиесін бермей қоймады. Кездесуді 3-1 есебімен оңтүстік журналистері өз пайдасына шеше алды.Нәтежиесінде «ОҚО Журналистер одағының» командасы А тобында 9 ұпаймен  екінші орын алып, финалдық кезеңге шықты. Онда біздің команданы Б тобының лидері, көршілес Жамбыл облысының «Тараз» командасы күтіп тұрған еді. Турнирдің топтық кезеңінде тараздықтар талайды састырған. Олай дейтін себебіміз, өз тобында үш кездесу өткізіп, үшеуінде де жеңіп шығыпты. Сондықтан, «Тараз» командасы жартылай финалдық ойын басталғаннан-ақ «ОҚО Журналистер одағының» қақпасына гол салып, түстік журналистерін әбіржіткені рас. Бірақ, біздің жігіттер қиын сәттерде төзімділік танытып, жамбылдықтардың қақпасына 1 минутта екі гол соғып жеңісті жұлып алды.  Ал, финалда оңтүстік жігіттерін Қызылорданың «Ақмешіт» командасы күтіп алды. Өйткені олар, жартылай финалдық ойында «Хабар» агенттігінің командасынан 3-2 есебімен басым түскен еді. Нақ осы ойында қызылордалықтар бар күшін сарп етіп қойғандай әсер қалдырды. Себебі, олар шешуші ойында шымкенттік жігіттер соққан 4 голға жауап таппады. Есеп 4-0. «ОҚО Журналистер одағы» командасы «Жетісу» кубогының иегері атанды!Ал, күміс медаль «Ақмешітке» бұйырса, үздік үштікті «Хабар» телеарнасының командасы қортындылады.

Өз кезегінде «ОҚО Журналистер одағы» командасы, демеушілік жасап, қолдау білдірген ОҚО әкімдігі мен денешынықтыру және спорт басқармасына, Шымкент қаласы әкімдігіне алғыс айтады!

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*