Түркістан облысындағы «туалеттер парады»!

Түркістан облысы Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласындағы  Ғарышкерлер көшесінде қаз-қатар тұрған әжетханалардан көз сүрінеді. Тұрғындар тіпті, «туалеттер парадын» жасау үшін бір-бірімен жарысып әдейі салғандай әсерде қаласың. 

Мұндағы жұрт «Садовая» атап кеткен көпқабатты үйлерден тұратын шағын ауданның бүгінгі көрінісі осы. Көшесі тұрмақ, ауласында да қисайып жатқан, есігі жабылмай мүңкіген туалеттерден көз алып жиіркенбей жүру мүмкін емес. Бұл әжетханаларға дәрет сындырмақ түгілі жақындап баруға жүрегің дауламайды. Ұшынғыш болсаңыз бұл жерлермен жүрмеген жөн. Ауыру табуыңыз әп-сәтте.Ал, мына суреттердегі көпқабатты үйлерге жақындап келудің өзі мұң. Тұрғындарына «қой дейтін қожа, әй дейтін әже» жоғы көрініп тұр. Себебі, олар үй артынан кәріз суын ағызар шұңқыр қазып, бетін ашық қараусыз қалдырыпты. Күннің ыстығында сасыған судан бұл атырапта жүріп не тұрып болмайды.«2017 жылы үйлердің алдынан канализация жүргізді. Құбырды үй артынан жүргізбегендіктен үй тұрғындары канализацияға қосыла алмай отыр. Әркім өздігінше үйден шыққан кәріз суын үй артынан арық қазып соған ағызады. Сасық иіс, сора басқан үйдің айналасында әсіресе кешкісін жүріп болмайды. Не СЭС, не әкімдік бұған бас қатырған емес»-дейді Ерубаев көшесіндегі үй комитетінің төрағасы Жұмаділлә Шәймерденов.

Айта кету керек, аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев, бұған дейін 2011-2015 жылдар аралығында Жетісай қаласының әкімі болған. Ал, 2015-2016 жылдары Мақтаарал ауданы әкімінің қызметін де атқарды. Демек, Жамантай Қанайұлы «туалет» тұрмақ, Жетісайдың жолдарындағы тесік, шұңқырларды да жатқа білуі тиіс. Біле тұра бұл мәселеге бейжай қарауы бізге түсініксіз болып отыр.

Оның үстіне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы, былтыр тамыз айында Жетісайға жасаған іс-сапары барысында осы әжетханаларды көзбен көріп шошып, жағдайды реттеуді тапсырған. Биыл сәуір айында ауданғға қайта әкім болған Жамантай Бейсенбаевтың мұны білмеуі мүмкін емес. Соған қарамастан, 5 айда «туалеттер» мәселесінде түк өзгеріс жоқ. «Өңір басшысының сын-ескертпелері де аудан әкімінің құлағын айналып өтетін болғаныма»- деген ойға келесің еріксіз.

«Жалпы Жетісай қаласының аумағында 109 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның үшеуі 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізілген. Модернизациялауға байланысты осы үш үйдің екеуінде қазір үй ішінен дәретхана орнатылды. Канализация толық іске қосылғанда аулалардағы әжетханалар сүріледі» дейді әкімдіктегілер. Яғни, 2014 жылдан бер Жетісай қаласында (қала дейміз-ау, қала мәдениетінен жұрдай Жетісайды ауыл десек те жарасатындай) екі-ақ үй «модернизациядан» өткен. Міне, Жетісайдағы жұмыстың қарқынын аңғарған боларсыз!?

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*