Жамантайдың Жетісайдағы жүйелі жұмысы қандай?

Бірер күн бұрын Жетісай ауданы әкімдігінің «фэйсбук»  әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Жоспарлы жұмыс жетістікке жетелейді» деген тақырыпта жарияланған ақпаратты көзіміз шалды. Онда аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев, аппарат отырысында бірнеше мәселені талқыға салған. Соның ішінде ерекше тоқтала кететіні Жетісай қаласындағы тазалық мәселесі.«Қазіргі таңда жаппай сенбіліктердің арқасында Жетісай қаласындағы орталық саябақ пен базар маңындағы санитарлық ахуал едәуір жақсара түскен. Сондай-ақ, қала көшелері бойындағы тал-дарақтарды бұтау, коллекторлық арық-атыздарды таза ұстау, күл-қоқыстарды дер кезінде алып кету секілді түйткілдер бір жүйеге түсе бастаған»- деп әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасында баспасөз қызметі ақпар таратты. 

Бұл ақпаратқа сенсек «Жетісай қаласы таза қалаға айналыпты ғой»- деп қуанып қаласың. Сенбеске тағы болмайды. Себебі, ақпарды анау-мынау емес, аудан әкімдігінің баспасөз қызметі таратып отыр. Бірақ, өкінішке орай Жетісай бара қалсаңыз бәрі басқаша!Байқағандарыңыздай, бұл Жетісай қаласындағы базардың жанынан өтетін орталық көше. Иә, абаттандыру жұмыстары кезінде жүргізілгені көрініп тұр. Бірақ, аузы-мұрнына толған қоқыс жәшігі, қалдықтары шашылып жатқан сауда нүктелерінің маңы мұндағы тазалықтың қай деңгейде екенін аңғартып тұр. Бұл базардың бергі жағы. Яғни, «орталық көшенің бойы осындай болса, базардың арты  қандай»- деген сауал көкейіңізде туары хақ.Бұл базар маңындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесімен қиылысып жатқан шағын көше. Мұнда көрші елден келен жұмысшылар нан пісіріп жүр. Бірақ, ол істері санитарлық жағдайға сай келе ме? Және де ол нанды қандай жерде сатып жатыр? Көшенің оң бетіне нан қойылса, сол жағы қоқысқа толы. Әлгінде әкімдіктің баспасөз қызметі «базар маңындағы санитарлық ахуал едәуір жақсара түскен» деп жазды. Санитарлық жағдайдың жақсара түскен түрі осы болса, бұрын қандай болғанын көзге елестетудің өзі қиын.Бұл да сол базар маңы! Қызық, қала халқының қаншасына айыппұл салынды екен? Жергілікті билік  қазынаны қоқысқа айыппұл салу арқылы толтырып алған болар…

Сонымен қатар, «қала көшелері бойындағы тал-дарақтарды бұтау, коллекторлық арық-атыздарды таза ұстау, күл-қоқыстарды дер кезінде алып кету секілді түйткілдер бір жүйеге түсе бастаған»- деп, Жамантай Қанайұлы басқарып отырған Жетісай ауданы әкімдігі өз жұмыстарына, өздері оң баға беріпті. Міне, Жетісай қаласының орталығындағы Қожанов көшесіндегі «бұталған тал-дарақтар»! Төменгі суретке қарасаңыз, бұл көшенің тазалығына да еріксіз «тамсанасыз»…Жамантай мырза аппарат отырысында әкімдікке бағынышты мекемелердің жұмысын жүйелі деп танымас бұрын, Қожанов көшесімен жүрді ме екен?Мынау болса, уақытылы тазаланып тұруы тиіс «Садовая» шағын ауданындағы қоқыс алаңы. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев, «Садовая» шағын ауданына келмей-ақ қала тазалығына оң баға бергеніне қарағанда, ол кісі де бұл жерлермен жүруге жиіркенетін болғаны ғой.Шындығын айтанда, қаладағы арық-атыздарды тазалау жұмыстарымен кім, қашан айналысқаны бізге белгісіз.Қалаға кіреберіс тұстағы автобөлшектер сататын «Малдыбеков» базарының алдындағы арық қоқысқа толған. Мұндағы кәсіпкерлердің миына су ағарды тазалау ойы кіріп-шықпайтын секілді. Керісінше кәсіпкерлік нүктелерін арықтың үстіне шығарып алыпты. Оларды қызыл сызық мүлде қызықтырмайтындай. Мұндағы реттілікке жергілікті билік бас қатырмаса, кәсіпкер қайдан ойласын?  Біз осы «барды бар, жоқты жоқ» деп айтуды қашан үйренеміз? Мына көріністерден кейін «Жетісайда тазалық жұмыстары бір жүйеге түсіп келеді»- деп айта аласыз ба? Оны өз ықтиярыңызға қалдырамыз қадірлі оқырман.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*