Жамантай Жетісайда «Қоқыс Fest» өткізсе жарасады

Бұған дейін Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі «фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Жетісай ауданында  «Қауын Fest» шарасына дайындық жұмыстары талқыланды» деген тақырыпта бірнеше ақпарат жариялады. Сонымен қатар, әкімдік парақшасын ақтарсаңыз ауданда өткен сенбіліктер жайлы да дерек көп. Дегенмен аталмыш тазалық шаралары Жетісай қаласының кіреберісінен басталып, «Жастар» саябағынан аспайтындай әсер қалдырады. Бұл сөзімізге бұған дейін сайтымызда «Жамантайдың Жетісайдағы жүйелі жұмысы қандай?» — деген тақырыпта жарық көрген мақалада танысып куә болғансыздар. Сонда дейміз-ау, аудан әкімдігі үшін Жетісай қаласы шаһардың кірберісінен басталып, «Жастар» саябағынан бітеді ме?

Әрине жоқ! Жергілікті биліктің саябақта сенбілік өткізіп, асфальт төсеп жөндеу жұмыстарын жүргізуінің сыры баршаңызға аян. Онда «Қауын Fest» шарасын өткізуді жоспарлап отыр. Біз ауданның бұл бастамасын құптаймыз, қос қолдап қуаттаймыз!  Дегенмен бұл қаланың өзге де аймақтарын қоқысқа толтырып, қараусыз қалдыруға себеп болмайтын шығар? Ертең «Қауын Fest» шарасына облыстан келген блоггер, журналист, депутаттар мен өңір басшысы Жансейіт Түймебаев тек саябақта аралайды ма? Шаһардың басқа да аудандарына барар болса не болмақ? Осы орайда, бізге бір ұтымды ой келді. Жетісай қаласының өзге де көшелері мен шағын аудандарын көргісі келетін қонақтарға арнап аудан әкімдігі «Қоқыс Fest» шарасын ұйымдастырсын. Бұл шара аясында қонақтарды қала ішімен алып жүру «маршрутын» сіздерге суреттерімен бірге ұсынамыз. Яғни, Жетісайдың «жарнамасын» жасайтын «гидтің» рөліне еніп көрейік.Міне, «Жастар» саябағынан шығып Сұлтанбек Қожанов көшесіне түсіп оңға қарай жүрсеңіз, орталық алаңның артындағы қоқыстарға тап боласыз. Осы көшені бойлап жүре берсеңіз алда талай үйілген қалдықтарды көреріңіз хақ. Шошымаңыз! Бұл Оңтүстік Америкадағы Амазонка өзенінің бойын мекендейтін аворигендер емес, жаздың ыстық күнінде шомылатын орын таппай, С.Қожанов көшесінің бойындағы су ағардың жанынан салынған шомылу орнына келген Жетісай қаласының балалары.Иә, мұндағы су тұрып қалған. Оның үстіне түрлі қалдыққа толыпты. Санитарлық жағдай жыларман хәлде. Жасөспірімдердің бұ жерден ауыру табарына бас қатырған әзірге ешкім болмапты. Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, бассейіндер 2012-2014 жылдары салынған. Яғни, ауданның қазіргі әкімі Жамантай Қанайұлы қаланы басқарып тұрған тұста. Демек, аймақ басшысы бұл мәселені де білмейді емес. 5 айда бір ретке келтіруіне не кедергі болды екен? Айтпақшы, С.Қожанов көшесінің бойында мұндай шомылу орнының үшеуі салынған. Өздеріңіз байқағандай, қалған екеуінің жағдайы да мәз емес! Жә, бұл суреттерден жүрегіңіз айнымаған болса, жүйкеңіз мықты екен. Әрмен қарай С.Қожанов көшесінен оңға бұрылсаңыз аты шулы «Садовая» шағын ауданына келесіз.Қара сора басқан қаланың бұл аймағы құбыжықтар жайлы қорқынышты кино түсіруге таптырмас түсірілім алаңы!Жоқ, сіз адасқан жоқсыз! Бұл Ауғанстанның қышлағы емес, Жетісай қаласы, иә рас Жетісай. Енді жүрегіңіз айнып, ұшына бастасаңыз «Садоваядан» тез шығып кетейік. Ол үшін С.Ерубаев көшесіне түсеміз.Міне мынау қос қапталынан қара сора қысқан жол С.Ерубаев көшесі. Байқасаңыз Жетісайда аяғыңды аттап бассаң қоқыс пен қара сораға кезігесің. Расында Жетісай «Қоқыс Fest»-ке сұранып тұрған қала емес пе? Аудан әкімі Жамантай Қанайұлы, осы шараны ұйымдастырса айда аспаннан шығарары анық.

 

 

 

 

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*