Газсыз қалған жетісайлықтар жергілікті билікке сенбейді

Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Байдала ауылындағы жүз елуге жуық тұрғын үй биыл тағы да көгілдір отыннан қағылып қалды, деп хабарлайды «31 канал».

Айтуларынша былтыр газ болады деп құбыр жүргізген билік қыс ауасы келгенде уәдесін бұзыпты. Себебін қарапайым жұртқа «үлгермедік» деп қысқа қайырған. Енді міне биыл міндетті түрде газ жағасыздар деген уәде күз ортасына келген шақта тағы да орындалмайтын түрі бар. Байдала тұрғындары «айналадағы барлық ауылда бар көгілдір отын бізге келгенде неге тежеліп қала беретінін түсіне алмаймыз» деп отыр. Мемлекеттік тапсырыспен тартылған құбыр біткелі екі жыл өтсе де, көгілдір отынның иісі сезілмепті. Былтырғы жылы газ болады деген билік уәдесіне сенгендер пештерін бірнеше мәрте бұзғандарын айтады. 

«Жиырма мың, отыз мыңнан ақша жинап алды. Күзге қарай келеді деген соң біз қарап едік, ешқандай газ келген жоқ. Елдің барлығы пеш құрғызып, паровой жасап әбден әбігерге түскен»- дейді ауыл тұрғыны Алтай Тәжібекова

«Газге жаңа пеш талып, орнатып, сөйтіп қанша шығындалды. Сөйтіп әні келеді, міне келеді газ деп жүргенде қыс басталып кетті»,-дейді байдалалық Кенжебай Бектенов

Билік Байдалаға тартылған 5 шақырым 700 метр газ құбыры жұмыстары былтыр күзде толық аяқталғанын, оны өздері қабылдап алғанын растады. Алайда газ мекемесінен ауылдағы газ нүктесіне дейінгі аралықтағы құбырға толтырылатын көгілдір отын үшін «ҚазТрансГаз» 1 млн 500 мың теңге талап етуде екен. Сметалық жобада бұл қаражат көзделмеген.

«Бұл қаржы осы мердігер тарапынан және сол жерде ішкі жүйелерін жүргізген кәсіпкер тарапынан, біз соларға өтініш жасап, алдағы уақытта осы халыққа биылғы жылы 2018 жылы газ қостыру үшін барлық жұмыстарды атқарып жатырмыз»-дейді Жетісай аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішев.

Тұрғындар биліктің сөзіне сенбейді. Себебі ішкі жүйені жүргізген кәсіпкер оларға «1 млн 500 мың теңгені төлемеймін, жобадан пайда тапқаным шамалы» деген көрінеді. Сыртқы жүйеге жауапты мердігердің де төлеуі екіталай, өйткені сметалық жобада көрсетілмепті. Билік бізді тағы алдап отыр дейді олар.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*