Димаш, Игорь Крутойдың Мәскеудегі студиясына қонаққа келді

Қазақ елінің мақтанышы әнші Димаш, әкесі Қанат Құдайбергенмен бірге Ресейдің астанасы Мәскеу қаласына келді. Бұл жолы отандасымыз ресейлік өте танымал композитор Игорь Крутойдың ән жазатын студиясына ат басын бұрыпты. Бұл жөнінде Димаш өзінің «инстаграм» парақшасында жазды.

Бұған дейін Димаш, Ресейдің Сочи қаласында өткен «Новая волна» халықаралық ән байқауында өнер көрсеткенде, ресейлік композитор қазақстандық жас әншінің өнеріне тәнті болып орнынан тұрып шапалақ ұрған болатын. Иә, ол кезде Димаш «А- студионың» Сочидегі арнайы концертік бағдарламасына қонақ болып келіп, марқұм әнші Батырхан Шукеновтың «Грешная страсть» әнін шыңына жеткізіп шырқаған еді. Мұнан кейін Димашты маэстро байқаудың жабылу салтанатына арнайы шақырған. Ол кезде қазақ елінің ән әлеміндегі мақтанышы әйгілі «Адажио» әнін айтып, ресейліктерге еріксіз таңдай қақтырған болатын.

Кейіннен Сочидегі байқауда шырқаған әндері ғаламтордағы «ютуб» желісінде  орналастырылып, оның астында ресейліктер Димаштың өнеріне толассыз мадақ айтқан. Тіпті «Құдай Қазақстанда туылыпты» дегендері де болды. Сондай-ақ, Димаштың Ресейдегі жанкүйерлері Игорь Крутоймен бірге жұмыс істеп, тамаша әндер жазса деп тілек білдірген. Бұл кездесу, сол көпшіліктің өтінішін орындау барысына ұқсайтындай. Өкінішке орай, әзірге Димаштың Ресейге не үшін келгені бізге белгісіз. Себебі, әнші бұл жағын «инстаграмдағы» парақшасында ашып айтпаған.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*