Түркістанда кім, не салады?

Елбасы тапсырмасы бойынша «Хайвилл Қазақстан» компаниясы Түркістан қаласында тұрғын үй кешенін салуға кіріседі.  «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы жастар сарайын қолға алса, «KEGOC» Қожа Аxмет Ясауидің шағын музейін салып береді. Сондай-ақ «Қазпошта» АҚ Түркістанда заман талабына сай почта бөлімшесі мен цифрлық кеңсені қолға алса,  «Қазақтелеком» Smart теxнологияларды енгізеді. Кәсіпкер Данияр Абылғазин су спорты кешенін салуға уәде берсе, Нұрлан Смағұлов көлік салонын ашып береді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Түркістанға қаржылай қолдау көрсетсе, түркиялық компаниялар да Түркістанды дамытуға үлес қосатын болды. Осы жиында кәсіпкерлер мен ірі компаниялар Түркістанға аурухана, туризм колледжін тарту ететіндерін жеткізді. Мемлекет басшысы әрбір нысанды қағазға мұқият белгілеп, оны салу міндеті кімге тапсырылғанын жазып алып отырды. Облыс әкімдігі мен компаниялар арасында келісімдер түзіліп, жұмысты бастау керектігін жеткізді. 
«Шаһар тұрғындары санының өсуіне және туристердің көптеп келуіне байланысты әкімдікке, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласының теміржол вокзалын реконструкциялау, оның өткізу мүмкіндігін ұлғайту, сондай-ақ әуежай салу және әуе қатынастарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырамын. Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, төл мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Сосын Түркістанды дамыту қорын да құрған дұрыс. Кім қолдау жасауға дайын, сол ақшаны аударсын.  «Көз — қорқақ, қол — батыр» демекші, осының бәрін бір-екі жылда бітіретін болсақ, Түркістан жайнап шыға келеді» деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*