ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев, түркістандық мақтаның сапасына жоғары баға берді

ҚР премьер-министрінің орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысындағы Жетісай ауданында диқандармен кездесу барысында, басты мәселе жерді тиімді пайдалану екенін айтты.

«Биыл осы аймақтың диқандарынан су тапшылығы байқалып жатыр деген шағым түскен соң Елбасы Тәжікстан Президентімен сөйлесіп, қосымша су жіберілген болатын. Енді біз жерді неғұрлым тиімді пайдалануға көңіл бөлгеніміз жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбейту қажет. Ол үшін ауыл шаруашылығында жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, жұмысты күшейту керек. Өсімдіктерді химиялық емес, биологиялық жолмен  қорғауды қолға алған абзал» деді.

Осы іссапарда министр мен облыс әкімі диқандармен бірге мақта теріп, Түркістанның ақ алтынының сапасына жоғары бағаларын берді.

Ауыл шаруашылығы министрі одан кейін  Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы машиналық каналға барды. Мұнда ол ГНС-1,  ГНС-2 арасындағы өзекті мәселе болып тұрған 9 шақырымдық бөлігінің су өткізу қабілетінің техникалық жағдайымен танысты. 2011 жылы салынған канал құрылысына 13, 523 млрд. теңге жұмсалған. Бүгінде аталған аймақтың су өткізу қабілеті төмендеген. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жасалады деген жоспар бар. Канал 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*