Түркістан: Облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегі арқылы кәсіпорынның жұмысы жанданды

«Заря» аяқ киім кәсіпорыны облыстық Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өндіріс аясын кеңейтіп, аяқ киім шеберханасын ашқан, деп хабарлайды Күнгей.kz тілшісі.

«Заряның» басшысы – Әлімжан Ибраймов. Ерінбеген етікші болады дегендей, өзі де осы етік тігу өнерімен 30 жылға жуық айналысқан. Осы кәсіптің қыр-сырын меңгерген іскер азамат.

Бүгінде ол маңайына ісіне мығым, алтын қолды еңбекқор шеберлерді жинаған. Кәсіпорынның екі шеберханасын қосқанда қазір 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыстың жандануына мемлекеттің де қолдауы қомақты дейді өзі.

– Кәсіпкерлер палатасының көмегімен 10 млн теңге көлемінде 5 жылға несие алдым. Оның 7 пайызын мемлекет, 7 пайызын өзіміз төлейміз. Сол қаражатқа шетелден су жаңа станок алып, керек-жарағымызды түгендедік. Сондай-ақ «Даму» қоры өнімдерімізді көрмелерге тұрақты түрде қатыстырып, клиент санының күрт артуына септігін тигізді, – дейді кәсіпорын басшысы.

«Заряның» жаңадан ашылған бұл бөлімшесінде аяқ киімнің 300-ге жуық түрі бар. Түр-сипаты көз тартатын туфли, тапочка, спорттық аяқ киімдер, макасилер. Оның ішінде ерлер аяқ киімінің түрі — 250, әйелдерге арналғаны — 15, сондай-ақ балалар үшін — 20. Балалар демекші, алда мезгілге сай балаларға арналған ортопедиялық аяқ киімдер де шығарылмақшы. Көкпаршыларға арналған тізеге дейін жауып тұратын керзі етіктер де сатылымда.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*