Шардара ауданында 11 елдімекен газға қосылады

Бұл туралы Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов мәлім етті, деп хабарлайды Күнгей.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

– Ауданымызда бүгінгі таңда газдандыру жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Қазірге дейін аудан бойынша Ұзын ата және Алатау батыр ауылдары, немесе аудан тұрғындарының 17,3 пайызы (13 730 адам) табиғи газ көзіне қосылған. Бұған дейін үш елдімекенде газдандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Газ құбырын бұрып алу және Шардара ауданын газбен қамтамасыз ету үшін ГРС (газ тарату стансасы) №17 Ұзын ата және ГРС №18 Шардара газ тарату стансасы құрылысына 2017 жылға облыстық бюджеттен 258,8 млн теңге қаржы бөлініп, игерілген еді. Биылғы жылға өтпелі болған бұл жұмыстарға үстіміздегі жылы 771,6 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары одан әрі жалғасуда. Табиғи газ көрші Өзбекстан елінен жеткізілетін болады. Нысан құрылысы алдағы қараша айында аяқталады, – деді Болатбек Қыстауов.

Айта кетерлігі, №18 газ тарату стансасы іске қосылғанда Шардара қаласы және қаламен іргелес 11 елдімекен (Шардара қаласы, Қоссейіт, Жаушықұм, Бағыскөл, Жаушықұм-1, Қалғансыр, Құйған, Шардара, Ақберді, Бозой, Қуанқұдық, Пішентөбе ауылдары) тұрғындарын, яғни 44 120 адамды (аудан тұрғындарының 55,7 пайызы) табиғи газбен қамтуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, аудандағы 5 елдімекенді, атап айтқанда Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық ауылдарын газдандыру бойынша ішкі газ жүйелері құрылысының ЖСҚ-сын әзірлеуге облыстық бюджеттен 24,3 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары осы таяу күндерде басталмақ.

Аудан әкімінің мәлімдеуінше, Шардарада жалпы 2018-2021 жылдар аралығында 16 елдімекенді газдандыру жоспарланып, нәтижесінде 21 елдімекен немесе аудан тұрғындарының 99,5 пайызы (79 036 халық) табиғи газбен қамтылады деп күтілуде.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*