Маяқұм ауылының әкімі 9 айдың есебін берді

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Маяқұм ауыл округінің әкімі Берікбай Иманов округте жоспарға сәйкес жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біршама жетістіктерге қол жеткізгенін ерекше айтты. Атап айтқанда, биыл 3140 гектар жерге түрен салынып, түрлі дақылдар егілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 113 пайызға артық. Сонымен қатар, Маяқұм ауылынан шыққан 9 Социалистік Еңбек Ері, 186 ҰОС қатысушылар мен тылда еңбек еткендерге, ауылдан шыққан ақындар және қоғам қайраткерлерінің құрметіне «Ардагерлер» саябағы салынған. Аталған жұмыстарға бюджет қаржысынан бөлек, ауыл кәсіпкерлері де қол ұшын созып, демеушілік жасағанын жеткізді.
Мал басы артып, жылыжай өндірісі жақсы жолға қойылған ауыл округінде туристік кластерді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Демеушілер есебінен «Оқсыз» қалашығына келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында автокөлік жолдары, аяқжолдар және автотұрақ салынып жатқандығын тілге тиек еткен ауыл әкімі келер жылы «Қостерек» елдімекенінде ауыз су мәселесі толық шешім табатынын ерекше атап өтті.

Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға округ әкімдері тұщымды жауаптар қайтарды. Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшелері ауыл әкімдерінің жүйелі жұмыстарына оң баға беріп, қарар қабылдады.
Жиын соңында аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауыл округтерінде атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын міндеттеріне тоқталып, өз пікірін білдірді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*