Отырарда бейімдеу орталықтары ашылды

Отырар ауданының Қоғам және Аққұм елдімекендерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін Күндізгі қатынау бөлмелері ашылды.
Арнаулы әлеуметтік қызмет сапасын жақсарту, мүгедектігі бар балаларды болашақта қоғамдық ортада өзін-өзі ұстауға, адамдармен емін-еркін қатынас жасауға, өзін тең дәрежеде сезінуге үйрету мақсатында ашылған шағын орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, көпшілікті Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейлі жылы аясында ашылған орталықтың ашылуымен шын жүректен құттықтады.
Құттықтау сөзінде аудан басшысы «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасау басты назарға алынып отыр. Бұл орталықты ашудағы мақсат – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, даму деңгейін арттыруға, арнаулы әлеуметтік қызмет сапасының тиімділігін еселеп, мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты ортаға бейімдеу болып табылады» дей келе, осындай орталықтардың ашылуына зор үлестерін қосқан жергілікті кәсіпкерлерге, жаны жомарт, қолы ашық азаматтарға өзінің шынайы алғысын білдірді.
Жалпы ауданымыз бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды кезең-кезеңімен күндізгі қатынау бөлмелеріне орналастыру жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда Отырар, Маяқұм, Балтакөл ауыл округінде шағын қатынау бөлмесі ашылып, қызмет көрсетіліп жатса, оған бүгінгі шағын орталықтар қосылып отыр.
Балғын балалардың өміріне бей-жай қарамай, игі істің басында жүрген азаматтарға ауыл тұрғындары атынан қоғамдық Кеңес Жұмашұлы мен аққұмдық Құтышбек Есенғараевтар алғыс сезімін білдіріп, ақ баталарын берді.
Мұндай игі істер алдағы уақытта да ауданымызда жалғасын таба беретін болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*