МАҚТААРАЛ – ҰЛЫ БИЛЕР ҰЛАҒАТЫНЫҢ ҚҰТ МЕКЕНІ

Киелі қара шаңырағымыздың 90 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан «Мақтаарал – ұлы билер ұлағатының құт мекені» атты іс-шаралар легі сонау Қазақ хандығы құрылған кезден бастап осы күнге дейінгі ерен еңбегімен, батырлығымен, шешендігімен, ұшқыр ойымен елге қызмет еткен ата-бабаларымыздың, киелі Мақтаарал ауданының дамуына үлес қосқан кешегі азаматтарымыздың рухына бағытталып отыр.

Қазақ билері — ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің да қызметін атқарған. Билер өздерінің бір ғана сөзімен небір шытырман даулы мәселелердің дұрыс шешімін тауып отырған. Олар әділ және елге сыйлы болуға тиісті болатын. Өз әділдігімен елге танымал болған қазақтың атақты билері – қазақ халқының, үш жүздің бірлігін сақтауға шақырған. Олардың қатарында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің орны ерекше.

Қазақ хандығының ыдырау және жоңғарлардың басқыншылық соғыстары кезеңіңде Төле би бабамыз басшылық қасиетін танытып, елге қорған бола білді. Жоңғарларға қарсы Қабанбай, Бөгенбай және Жәнібек батырлармен бірге біртұтас халық майданын құрып, азаттық жолында күрес жүргізді.

Қазыбек би бабамыз да Тәуке ханның «Жеті жарғы» зандары жинағын қалыптастыруға қатысқан. Сол дәуірдегі атақты хандар тұсында мемлекет басқару ісіне белсене араласып, жастайынан би атанды. Қазыбек би елдің ішкі және сыртқы саясат мәселелерін шешу жолында көрегенділігін танытты.

Ал, Әйтеке би бабамыз — үш жүздің бірлікте, тату өмір сүруінің қамын ойлаған қамқоршы болды. Ол кісі дана, әділ би, аузы дуалы шешен, озық ойлы қайраткер ретінде қазақтың мәңгі есінде қалды.

Міне, үш бидің ел тыныштығы жолындағы еңбегі Қазақ ұлтының бақытты келешегі мен Тәуелсіздігі үшін жасалды. Абыздарымыздың қауіп-қатерді елемей, бастарын бәйгеге тіккен шынайы отаншыл сезімі, ынтымақ-бірлігі күллі қазақ жұртына ықпал етіп, ел тұрғындарын ауызбіршілікке шақырды. Бүгінгі бақытты өміріміз осындай бабаларымыздың арқасында оңай келмегенін, үш биіміздей ұлыларды, елім деп еңіреген азаматтарды келешек ұрпақ ешқашан ұмытпауы қажет деп білемін.

Киелі Мақтаарал ауданының 90 жылдығы қарсаңында «Мақтаарал – ұлы билер ұлағатының құт мекені» іс-шарасын өткізудің маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені, ақ алтынды мекен үш жүздің басын қосқан киелі жер ғана емес, отыздан аса ұлтты бауырына басып отырған құтты мекен. Сондықтан, жергілікті жерде ұлттардың татулығын сақтауда ұлы билер ұлағатының рөлі зор. «Бірлік болса – тірлік болады» деп ұлы билеріміз айтпақшы, жаңадан құрылған аудан тұрғындарын бірлікке, ынтымаққа жұмылдыру – дамуымыздың алғы шарты болмақ.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткен іс-шаралар легіне демеушілік көрсеткені үшін «Әйтеке би» Республикалық қоғамдық қорына алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, 16-17-18 қараша күндері өтетін ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстары басталып кеткенін хабарлаймын.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*