ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ 2,5 ЕСЕГЕ АРТАДЫ

2022 жылға қарай Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемі 2,5 есеге артады. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында белгіленген міндеттердің үдесінен шығу мақсатында «Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасы» әзірленгенін айта кеткен жөн. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен басқосуда ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов аталған бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндады.

«Өңірдегі агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 19 басым бағыты айқындалып отыр. Бұл жұмыстар егін, мал, қайта өңдеу салалары бойынша жүзеге асырылатын болады. Еңбек өнімділігі 2017 жылы 1,76 млн. теңгеге жеткен. Жоспар жүзеге асқанда көрсеткіш 2022 жылға қарай 4,4 млн. теңгеге артады. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 482,3 млрд. теңгеден 1225,0 млрд.теңгеге ұлғаяды. Ал, агроөнеркәсіптік кешенінде  өңделген өнім экспорты 231,5 млн. АҚШ долларынан 578,8 млн. АҚШ долларына жетеді», – деді Нұрбек Бадырақов.

Бағдарлама аясында егістік жерлерді тиімді пайдалану және әртараптандыру шаралары қолға алынбақ. Осының негізінде егіс көлемі 798 мың гектардан 926 мың гектарға артады деп күтілуде. Нәтижесінде, өсімдік шаруашылығында өндірілген өнім 3 есеге артып, 842,7 млрд. теңгеге жететін болады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 264,4 млрд. теңгені құраған.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*