ШЫМКЕНТ: аудан әкімдерінің рейтингі

Былтыр ғана республикалық қала атағына ие болған еліміздің су жаңа мегаполисі Шымкентте бүгінде 4 аудан бар. Яғни, шырайлы шаһардың сол төрт аумағына өткен жылы әкімдер тағайындалған. Бірі орнына қайта бекісе, енді бірі «бөркін аспанға атып» жаңа қызметке жайғасты. Иә, олардың бұ жолғы жұмысында жауапкершілік бұрынғысынан молайып, саяси салмағы да ауырлап, өз бюджетіне ие болған жәйі бар.

Хош! Ол төртеуді өздеріңізге таныстырып жату, артық болар? Есімдері елге мәлім, бүгінде. Өйткені, жуырда ғана өткен жылды қортындылап ел алдында есеп берді. Біз бүгінгі рейтингті сол аудандарда тұрып жатқан халықтың пікірінен сараптап жасағалы отырмыз. Біздіңше сол обьективтілеу. Халық айтса, қалып айтпайды емес пе? Оның үстіне қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлымен бірге еріп жүріп, біз де сол төртеудің есебінде болып қайттық. Онда мадақ та болды, айқай-шу мен ғажап та болды. Сонымен:

4-орын

Бұл орынға біз Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов лайық деп таптық.

  Өйткені, есеп барысында аудан тұрғындары әкімін көріп, қызылды көрген бұқадай ашуға булықты. Мәселелерін тізіп айтар болсақ, таңды-таңға ұрармыз. Аумақта әлеуметтік мәселелер, инфраструктура шаш етектен. Шымкент шетіндегі Жаңа талап елдімекенінде өткен жиында жұртты Әбдірахымовтың өзі айқайлап жүріп әрең басып отырды. «Абай ауданында бұрыннан жағдай қиын, ауыл еді. Қазір де ауыл»,- деді қалабасы. Біз оның бұл сөзін, Пармановтың жұмысына берілген обьективті баға деп қабылдадық. Тағы бір жиында аудан тұрғыны «сіздің жұмысыңызға халық атынан қояр бағам, едендегі плинтустан да төмен»- депті ашынған бір азамат.
«Плинтустан» төмен не болуы мүмкін? Іргесі биік үй болса жертөле, болмаса қара жер болады. Несі бар, қара халықтың мәселелерін қара пейнетпен еңсерер болса, қара жерден де көтерілер Парманов мырза.

Оған сенімді болған қала әкімі, Абай ауданына басшы етті. Себебі, Бұқарбай Рысқұлұлы бұған дейін бұрынғы ОҚО, қазіргі Түркістан облысындағы бірнеше ауданды гүлдендірген, іскер әкім. Ол Абай ауданын да алдағы уақытта абаттандырып, мәселелерінің күрмеуін шешіп шаһардағы алдыңғы қатардағы ауданға айналдырарына сеніміміз мол. Оған тек уақыт пен қаражат керек. Ал, әзірге Пармановтың орны осы!

3-орын

Қаратау ауданының әкімі Исамидин Қантөреевке үшінші орын бұйырды.

Біле білсеңіз, осы төрттіктің ішіндегі ең жасы да, тәжірбиесі азы да Қантөреев. Ол тіпті бұған дейін әкімдік қызметте болмаған. Исамидиннің өмір дерегіне тоқталмай-ақ қоялық. Қажет болып жатса, «википедиядан» оқып аларсыздар. Біз де әзірге қызмет жолы жайлы, жасаған еңбектері туралы ауыз толтырып ештеме айта алмаймыз!
Қысқасы Қаратауда да ауыз су, жарық, жол, газ мәселелері өзекті. Оның қала әкімі қатысқан есебінде алғыспен қатар, арыз-шағымдар да болды. Дегенмен анау айтқандай «ушығып тұр»- дей алмаймыз. Бірақ, ұзын құлақтан естуімізше, «шаһардағы 89 мектепте өткен халықпен кездесуінде біраз у-шу болып шағымдар көп айтылған»,- деседі. Оның үстіне Исмидин Мұхитдинұлын 1-2 орындарға шығару үшін іркіп алып айтар ірі істерін көре алмай отырмыз. Сондықтан Қаратау әкімі бізді кешіріп қойсын, 3-орыннан жоғары баға бере алмадық. Алда жұмысты жайпап жатса, жоғарыдан орын беруге дайынбыз!

2-орын

 Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов, 1-орынға бір қадам жетпей тоқтады.

Айтары жоқ, Ілиясов өте тәжірбиелі әкім! Өкінішке орай, оның Еңбекші ауданын басқарғанына нақты неше жыл болғаны жөніндегі мағлұмат жоқ қолымызда. «Динозавр дәуірінен» бері басқарады десек те болатын шығар!?
Пармановтың айқайға толы есебі өткен соң, бірнеше күннен кейін қала әкіміне еріп, осы Ғалымжан Ілиясовтың есебін тыңдауға С.Ерубаев атындағы лицей-мектепке біз де бардық. Рас, шуы құлақта әлі күнге тұрған Абай ауданындағы жиыннан кейін жұмаққа түскендей болдық. Сұрақ-жауапқа шыққан аудан тұрғындарының айтары алғыс. Арасында бірлі-екілі Бадамдағы көпір, қоғамдық көлік секілді мәселелер бар демесеңіз, есептік кездесу керемет өтті. Адамдар тіпті әкімінің жұмысына 100-200 пайыз қолдау білдіріп, рахмет айтысып жатысты. Біршама уақытқа «міне идеал әкім» деп біз де таңқалысқанбыз.
Ғалымжан Ілиясов 1-орынға сай келіп-ақ тұрған әкім еді. Жиыннан алған керемет әсерімізді Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Еркін Сатқанбаев бұзды. Бұзғанда қалай, жарыссөзге шыққан халық қалаулысы, әкімінің атқарған жұмыстарын ауыз толтырып мақтап айтып келіп, Шымкенттегі Зелёная балка, Привокзвальная шағын аудандарының мәселесін тілге тиек етті.
Ол аудандардың жағдайын біз де жақсы білеміз! Бұл шағын аудандарда қонақта болғанбыз. Тоқыраулы тоқсаныншы жылдардан шыға алмай қалғандай әсерде қайтқанбыз. Құдайым-ау ондағы авариялық жағдайда тұрған көпқабатты үйлерде елдің қалай тұрып жатқаны, миға қонбайды.
Қысқасы Ілиясовты «үздік әкім» атағынан айырып тұрған Зелёная балка мен Привокзальная шағын аудандарындағы жағдай түзелмей, Еңбекші ауданы әкімінің рейтингтегі жағдайы жақсармасы анық.

1-орын

Иә, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов, рейтингімізде ең жоғарғы орынды иеленіп «үздік әкім» атанып отыр.

Мәуленқұловтың Шымкенттегі «үздік аудан әкімі» екеніне сізде де шүбә жоқ болар?
Айта кету қажет, Ғабит Патшаханұлының басшылық лауазымдағы тәжірбиесі мол. Ол бұған дейін Қаратау ауданында әкім болып, мұнан соң Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне ауысқан.
Мәуленқұлов, креативті көзқарастағы жаңаша жұмыс істей білетін, коммуникативтік қабілеті өте жоғары азамат! Ол шаһардағы қоғам белсенділері, зиялы қауым, көпқабатты тұрғын үй төраға (домком), төрайымдарымен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін білікті басшы. Оны Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда өткен халық алдындағы есебінде аңғару қиын болған жоқ. Себебі, сұрақ-жауапқа шыққандардың дені алғыс айту үшін ғана келгендер екен. Аудан тұрғындары әкімдерінің мәселені жылдам әрі тиімді, сапалы етіп шешетініне дән риза. Мәселелер де айтылмады демейміз, аумақтағы көпқабатты үйлерді жаңғырту жағы айтылды. Десе де, әкім ол мәселені шешу үшін жауапты басқармаға тұрғындармен бірге баратынын айтып, жиналғандарды сүйсіндірді.
Сонымен қатар, былтыр ғана Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен қала әкімдігі ұйымдастырған «Таза қала» акциясында Әл-Фараби шаһардағы ең таза аймақ екенін дәлелдеп «Үздік аудан» атанған. Сол себепті Ғабит Мәуленқұловтың да «Үздік әкім» аталуы заңдылық деп білеміз!

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*