«Қызылкөлдің балықтарын — ай» дейтін күн алыс емес

Көпшіліктің есінде болса керек, оншақты жылдай Созақ ауданы Құмкент ауылына қарасты Қызылкөлдің суы тартылып, сәні кете бастаған болатын. Өткен жылы жауын-шашын көлемі көп түсіп, көл кемері қайта қалпына келді. Айта кету керек, емдік қасиеті мол Қызылкөл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарамасына қарайды. Екінші рет тынысы ашылған көлге жақында 60 мың сазанның шабағы жіберілгені сол-ақ екен ондағы тіршілік қыза түскендей.

Созақ ауданында балық шаруашылығының өрісі кеңейгелі тұр. Өйткені, көлге  «Созақ балық өнімдері» коорперативі Құмкент ауыл округіндегі Қызылкөл көліне 30 мың сазан шабақтарын жіберсе, Аққолтық елді мекеніндегі Үштөбе су қоймасына жеке кәсіпкер Ж.Нұрпейсова 30 мың  дана сазан шабақтарын салды. Кәсіпкер Тараз қаласындағы қолдан балық өсіру шаруашылығынан жеткізілген шабақтарды ерекше күтімге алатының жасырмады.

Сондай-ақ, «KAZ.GOLD.FISH» директоры Дінмұхаммед Қожахмет  бұдан бөлек аудандағы 8 шағын көлге балық шаруашылығын жүргізуге қолдау көрсетілетінің айтты. Осы тұста, аталмыш шаруашылықпен айналысам деушілерге Үкімет тарапынан 11 000 000 млн. теңге қайтарымсыз көмек берілетінің құлаққағыс еткіміз келеді. Сонымен қатар, шаруашылыққа қажетті құрал-саймандарды және инкубациялық аппараттарды алудың өзіне қомақты қаржылай  жәрдемдер жасалынбақ.

Жалпы, облысымыздағы 3 балық өңдеу зауыты мен 28 балық шаруа қожалығы жылына 6 мың тоннаға дейін  балық өңдеп, жергілікті тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандырып келеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*