ОҚО әкімі өңірді Австралияға айналдыра ма?

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бастамасымен қолға алынған өңірлік «Шатқал» бағдарламасы жер-жерлерде мықтап қолға алынды. Созақ ауданыда бағдарлама аясында 6 мың түп көшет ағаштары егілу жоспарланса, бүгінде 1 030 түп сәндік ағаштар аудандағы 8 су қоймасының көркін келтіріп тұр. Айта кету керек, ауданда қазіргі таңда 800 түп раушан гүлі өсіріліп жатыр.  Бағдарлама Сайрам жерінде де көпшіліктің жан-жақты қолдауына ие болды. Аудандағы бос жатқан жерлерге, жол бойларына түрлі ағаш көшеттерін отырғызуды көздеген сайрамдықтар осы жақында ғана Сайрам мен Түлкібас аудандарының қолалысар тұсында, яғни Машат асуындағы халықаралық күрежолдың бойына 1 200 түп түрлі жеміс ағаштарымен қоса қылқанжапырақты және қаратал ағаштарын отырғызды.

Мақтаарал ауданында «Шатқал» бойынша 11 мың тал көшеттерін отырғызды. Қазығұрттық жұрт 40,8 гектар жерге 25 610 түп көшет егуді жоспарлап, бүгінде 25,8 гектар жерге 16 343 түп көшет отырғызды. Түркістандықтар да бағдарламаға бір кісідей атсалысып келеді. Олар 17 мың ағаш көшеттерін отырғызып, күтім жасап отыр. Ал, Кентаудағы «Көк төбе» учаскесіндегі 552 түп қарағаш келешекте шаһардың тұрғындарына сая болары анық. Арыстағы ағайын да бағдарламадан шет қалған жоқ. Қала тұрғындары «Қалау Датқа» тұрғын ауданындағы шатқалға 1 100 түп көшет ексе, Арыс-Шымкент тас жолының бойындағы 12 гектар жер теліміне 5 797 ағаш отырғызды. Олардың жартысы үйеңкі болса, қалғаны қара тал. Түлкібастағы 15 ауылдық округте «Шатқалдың» 6 мың көшеті егіліп, бапталуда. Ауылдық округтердегі 34 гектар жерге түлкібастықтар емен, шырша, қара тал, терек, боз арша, сәмбі ағаштарының көшетін отырғызған. Ал, ордабасылық тұрғындар 24 165 түп ағаш көшеттерін егіпті.

Осының барлығы сайып келгенде, өзіміз өмір сүріп жатқан ортаны көкжелекке айналдырып, табиғатты аялаудың бір белгісі. өңір басшысының бастамасымен қолға алынған бұл игілікті шаруа жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*