Шардаралықтар шегірткенің тұқымын жою жұмыстарын бастап кетті

Шардара ауданында шегірткеге қарсы күрес жұмысы басталды. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап аудан әкімінің өкімімен «Ауданда аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізу» мақсатында арнайы штаб құрылып, жұмыс жасауда.


Биыл аудан бойынша 175 000 гектар жерде марокко шегірткесіне қарсы зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда аудандағы 9 ауылдық округте (Қоссейіт, Көксу, Ұзын ата, Алатау батыр, Сүткент, Ақшеңгелді, Жаушықұм, Достық, Қызылқұм ауылдары) 40 600 гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның 1500 гектарында шегіртке ошағы барлығы анықталып отыр. Мамандардың есебі бойынша, марокко шегірткесіне қарсы 26 800 гектарға, азият шегірткесіне қарсы 400 гектарға, саяқ шегірткеге қарсы 720 гектарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Бұлардан бөлек, тағы да карантиндік арамшөптерге қарсы 965 гектарға, қауын шыбынына қарсы 525 гектарға алқапқа, барлығын қосқанда 29410 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Осы жұмысқа қажетті 40 анықтаушы аудандық жұмыспен қамту орталығында тіркеліп, жұмыс жүргізуде. Бұлардан басқа әр ауылдық округтерінен тағы да 47 анықтаушы, барлығын қосқанда 87 жұмысшы күші зиянкестерге қарсы шаруаға жұмылдырылды.


20 сәуір күні алғашқы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Бір күннің ішінде «АН-2» ұшағы 400 гектарға химиялық өңдеу жұмысын жүргізді. Сол сияқты, Сүткент ауылында 200 гектарға, Достық ауылында 125 гектар аумаққа жерүсті бүріккіш микрон техникалары залалсыздандыру жұмыстарын жасап шықты.
Аудан әкімі Болатбек Қыстауов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков, басқа да сала мамандары Жаушықұм ауылының аумағында диқаншылықпен шұғылданып жатқан шаруалармен кездесіп, шегірткемен күрес бойынша әңгімелесті. Зиянкестермен күресуге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалынып жатқанын айтқан басшылар осынау науқанға шаруаларды да жұмыла жұмыс жасауға шақырды. «Қаныбек» шаруа қожалығының төрайымы Күлзина Құлшаева былтырғы жылы еккен 120 тн картоп дақылынан бір түйір өнім ала алмай, шегірткеге жем болғанын айтты. Ал, биылғы жылы көктем басталғаннан бері шегірткемен күрес жүргізетін мамандардың белсенді түрде қимылдап жатқанын айтып, аудан басшысына алғысын жеткізді.
Айта кетейік, 2016 жылы күрт көбейіп шыға келген шегіртке аудандағы 337,2 гектар алқапты жайпап өтіп, шаруаларға 10 млн 483 550 мың теңгенің шығынын келтірген болатын.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*