Отырарлықтар «Шыбықбелде» су сақтауды көздеп отыр

Аудан әкімі Ерлан Айтаханов Қоғам, Талапты, Көксарай, Маяқұм, Балтакөл ауыл округтеріне барып, елдімекендердегі қызылсудың алдын алу жұмыстарын көріп қайтты. Мол судың қауіптілігін азайтып, оны тиімді пайдалану үшін жайылымдық, егістік жерлерге жіберіп, суландыру көзделген еді. Құрылған дамбалардың қаншалықты беріктігін қайтадан бір қарап шыққан аудан басшысы, елдімекендердегі қауіпсіздік шарараларын үздіксіз бақылап, хабарлап отыруды тиісті сала басшыларына тапсырды. Бүгінде аталған аймақтарда күндіз-түні кезекшіліктер ұйымдастырылып, қызылсудың деңгейі бақылауда тұр.


Сондай-ақ, аудан басшысы қызылсуды тиімді пайдаланып, егістік алқаптарды суарып алу керектігін айтқан еді. Осы мақсатта бүгінгі таңда Шілік, Ақтөбе, Қарғалы, Талапты, Отырар, Қоғам ауыл округтеріндегі шаруалар тасқын суды пайдаланып, 10 мың га жерлерін тегін суару үстінде.


Көктем мезгілінде Сырдария, Арыс өзендерінің суы арнасынан тасып жатқанымен жаз айларында егістік аймақтарда су тапшылығы пайда болады. Осыған сәйкес Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев географиялық табиғи ойпат жерлерден су қоймасын жасау мүмкіндіктерін қарастырып, көктем мезгілдеріндегі тасқын суды жинап, жаз мезгілдерінде егістік алқаптарға тиімді пайдалану жөнінде тапсырма берген болатын. Осы мақсатта аудан әкімі Ерлан Айтаханов Маяқұм ауылындағы «Шыбықбел» атанып кеткен сайды су қой қоймасы ретінде пайдаланып, қызылсуды Бақтыбай каналы арқылы осы сайға құю керектігін айтқан. Қазіргі уақытта аталмыш сайда 7 млн.м3 су жиналып тұр. Бұл өз кезегінде жаз айларында сезілетін су тапшылығының алдын алып, Маяқұм ауылындағы 1200 га жерді суаруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Әзірге қызылсудан қауіп жоқ. Дегенмен қауіп жоқ деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Осыны ауыл әкімдерінің есіне салған аудан басшысы ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтық шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*