ЭКСПО — 2017 көрмесін Кентау трансформаторлары жарықпен қамтамасыз етеді

Кентаудағы трансформатор зауытының ұжымы құрастырған 80 МВт-тық трансформаторлар Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесi өтетiн ең маңызды аймақты жарықпен қамтамасыз етедi. Қазiргi кезде Қазақстанда тұңғыш рет жасалған ТРДН-80000/110 трансформаторын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесi аймағына бас құрастырушы Әдiлбек Тәжiбаев бастаған зауыт мамандары орнатып, iске қосып жатыр.

ЭКСПО–2017 көрмесi өтетiн аумақтағы шағын стансаларда орнатылған трансформаторлардың басым бөлiгi Кентау трансформатор зауытында құрастырылған. Яғни, көрме өтетiн аймақты бiздiң зауыттан шыққан трансформаторлар жарықпен қамтамасыз етедi. ЭКСПО–2017 көрмесiне өз үлесiмiздi қосу – бiз үшiн үлкен абырой әрi мақтаныш, – дейдi «Кентау трансформатор зауыты» АҚ басқармасының төрағасы Хайрулла Қожабаев.

Былтыр ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай Кентау трансформатор зауыты тұңғыш рет 80 МВт-тық трансформаторды құрастырып шығарған болатын. Жемiстi еңбек тек зауытта ғана емес, республикада орын алып отырған тарихи жаңалық деуге болады. Себебi, бұған дейiн ел көлемiнде құрастырылатын трансформатордың ең қуаттысы 63 МВт-тық қана болған. Бұл құрылғының бiр данасының өзi Кентау секiлдi 10 ауданды электр қуатымен қамтуға қауқарлы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*