Елбасы оңтүстікке инвестиция тартып, бизнес пен туризмді дамытуды ұсынды

Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысында бизнеске әрдайым тұрақты түрде қолдау көрсету қажет екеніне назар аударды.

– Биылғы жолдауда бизнес ортасының жағдайын жақсарту жөнінде шаралар әзірлеуді тапсырдым. Қосымша жер учаскесін бөлу, жалға беру мерзімін ұзарту, оны пайдалану мақсатын өзгерту туралы рұқсат алу құжаттарын қарастыру мерзімінің ұзақтығына байланысты мәселелерді шешу керек. Бұл рәсімдерді жария түрде жүзеге асырып, қағазбастылыққа салынуға жол бермеген жөн. Кәсіпкерлікті дамыту қаржылық тұрақтылықты сақтап, өңірдің өз-өзін қамтамасыз ету қабілетін арттыратын маңызды тетікке айналуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті инвестиция тарту бағытында жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

– 2016 жылдың қорытындысы бойынша жалпы инвестиция көлемі төмендеген. Өңірде ауыл шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өңірдің туристік әлеуетін дамытудың маңыздылығына арнайы тоқталды.

– Мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл орайда біз Қазақстанның мәдени және тарихи мұрасын негізге алуымыз керек. Оңтүстік Қазақстан облысы қайталанбас әрі бүлінбеген табиғи және ірі мәдени-тарихи құндылықтары бар орасан зор туристік әлеуетке ие. Сондықтан тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылым түзу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*