Елбасы: «Оңтүстіктің тарихы – тұтас Қазақстанның тарихы»

Елбасы кездесуде өңірдің бірегей тарихына және мәдени ерекшелігіне тоқталды, деп жазады Ақорданың баспасөз қызметі.

– Оңтүстік Қазақстан – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке. Бұл – абыздар мен әулиелердің қасиеті дарыған, Қожа Ахмет Яссауи мен Әл-Фарабидің ізі қалған, көне мәдени мұраға бай киелі жер. Қазір бұл өңірде бүкіл ел халқының 16%-ы тұрады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті оңтүстік өңірдің тарихын тұтас Қазақстанның тарихы деуге болатынын атап өтті.

– Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде 800-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Әлемге әйгілі жәдігерлеріміздің көпшілігі осында. Түркістан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелері – біздің мақтанышымыз. Осындағы әрбір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің аттары – тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күлтөбе және Ордабасы – халқымыздың сақталуына әсер еткен қазақтың бірлігі мен тұтастығының қасиетті символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жастарды патриотизмге, отаншылдыққа, туған жерді сүюге баулу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*