Кеңесбекұлы-кәрiс боксшыларының кеңесшiсi

Азия чемпионатында Болат ағаны жолықтырдық. Атланта Олимпиадасының қола жүлдегерi Болат Ниязымбетов те Ташкентке келiптi. Корея ұлттық құрамасының консультант-бапкерi ретiнде. Келiсiм-шарт негiзiнде жұмысты бастағанына бiр ай болған. Иран, Түркiменстан, Грузиядан да ұсыныстар түсiптi. Көңiл қалауы таңы жұпар елiне ауса керек. Жалақысы да жаман емес дейдi. Бұған дейiн Ирак, Түркия құрамаларын жаттықтырғанын бiлесiздер. Бiлiктi маман жерде қалмасы мәлiм.


Кореяда спорттық медицина мықты дамыған. Спорт базалары да әлеуетті. Мұның өзi боксты дамытуға зор көмек.
Әзiрге, келiсiм-шарт уақыты — бiр жыл. Жыл жемiстi аяқталса, шәкiрттерiн Токиоға дайындай бермек. Сәттiлiк тiледiк.
Кеше Ирақтың үмiт артар боксшысы Аммар Хасан бiрiншi раундта-ақ оқыс соққыдан жер жастана құлады. Шри-Ланкалық боксшының қарқынына төтеп бере алмауы көп жайтты аңғартса керек. «Маған қайтадан ұсыныс тастады. Жалақыны көтеремiз деп отыр. Жаттығу дұрыс жүргiзiлмегенге ұқсайды. Азия чемпионатына он күн ғана дайындалып келе салыпты» дейдi Болат ағаның өзi. Бұрынғы шәкiртiнiң мұндай халiн көру ешбiр жаттықтырушыға да оңай тимейдi, әрине. Ренжiген кейiп танытты.
Кәрiс боксшыларының iшiнде мықтылар баршылық. Азия ойындары, Азия чемпионатының жүлдегерлерi бар. Бiрқатары бастапқы бәсекеде-ақ саптан шығып қалды. Болат ағаның айтуынша, iрiктеуде құраманың басшылары өзiм бiлермендiкке салынған сияқты. Спортты құртатын осы ғой.
Жалпы, қазақ бапкерлерiнiң шетелде жүргенi қазақ боксының мықтылығынан шығар. Азия боксының дамуы қарқынды. Оған Рио ойындары дәлел. Қазiр Азия бокс конфедерациясының президентi — Cерiк Қонақбаев. Құрлықтың барлық елiнде боксты дамыту қолға алынған. Болат Кеңесбекұлының әңгiмесiнен ұққанымыз, кәрiс боксшыларын баптауға осы кiсiнiң ұсынысы себеп болғандай.
Айтқандай, Бейжiң ойындарының жартылай финалында Бақыт Сәрсекбаевтан жеңiлген Ким Жунг Жу қазiр ұлттық құрамада тренер.

спорт журналисті Тағабай Қасымов

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*