Ташкентте бүгін 8 боксшымыз шаршы алаңға көтеріледі

Ташкент. Азия чемпионаты. Боксшылар бәсекесі де соңына таяп қалды. Міне, санаулы сағаттардан кейін мықтылардың жекпе-жегіне куә боламыз. Үмітіміз зор.
Жартылай финалға сегіз боксшымыз шыққанынан хабардарсыздар. Жалпы, 13 елдің өрендері жүлдегерлер тізіміне ілінді. Жарыс қожайындары ретінде Өзбекстан құрамасының ұпайы түгел – олардың 9 боксшысы жарысты жалғастырады. Олардан кейін Қазақ елінің қайратты ұлдары екшеп тұр. Үндістан, Моңғолия құрамаларынан – 4, Қытай, Оңтүстік Кореядан – 3, Филиппин мен Сирияның үкілеген 2 үміті шаршы алаңға көтеріледі. Иран, Қырғызстан, Иордания, Тәжікстан, Түркіменстан командаларына да бір-бірден жүлде бұйырды.
Құрметті спортсүйер қауым, «қазақ-өзбек дербиінің» шырқау жегіне жеткенін бағамдап отырсыздар ғой. «Өзбекстан» спорт кешенінде ауаның қызар сәті таяу. Екі өкпеңді қысар шиеленісті айқастар, жанкүйерлердің жiгерiн жанитын бәсекені күтіп отырмыз. Азамат Исақұлов – Жасурбек Латипов, Әбілхан Аманқұл – Исраил Мадримов, Бекдәулет Ибрагимов – Икболжон Холдаров финалдық жолдаманы сарапқа салады. Әзірге, іріктеу сындары бойынша есеп – 1:1. Әрі қарай, финалдық кезеңде де екі тараптың тағы жолдары түйіседі.
Дусматов дүлей боксшы екенін танытып-ақ тұр. Өз жерінде де. Жарыс қожайыны, әрі Олимпиада чемпионы оңайлықпен иіле салмасы белгілі еді. Бұл жігіт өзбек боксының жұлдызды спортшысы қазір. Алла сәтін салса, одан да есе қайтар күн туар. Енді Жомарт бауырымыз жолдама иеленіп, әлем чемпионатында үстем түсуге әрекет етуі тиіс. Өзбек өрендерінің қарқыны керемет. Қайсысы болса да жүлде үшін жанын беруге даяр. 19 жасар жігіттің Левиттей сақа боксшыға қарсы қаймықпай айқасып, соңына дейін шыдап баққанын көрдіңіздер. Жалпы, олардын жаны тiрмiзiк қой. Таңданасыз.

Әбілхан Аманқұлдың бокстасу мәнеріне, ерік-жігеріне риза болғанымызды жаздық. Бүгін де жас дарыннан күтер үмітіміз мол. Дәл осы салмақта екі жыл бұрынғы Меликузиевке кеткен ақыны қайтарып беруге құлшынып отыр бауырымыз. Сәттілік тілеңіздер.
Абылайхан Жүсіпов те әлем чемпионатының қола жүлдегерін жолдан ығыстырып тастағаны қуантты. Дегенмен, бауырымызға әлі де болса күш-қуатты молайта беру керектей. Техникасында пәлендей кемшілік жоқ. Енді сойылдай соққы болса, Жүсіповке тең келер ешкім болмас еді.
Қамшыбектің мойындағы жауапкершілік жүгі зілмауыр. Дычконың орнын басар жігіт керек. Осы жігітке сенеміз.
Ел чемпионы Әділет Құрметовтың сәтсіздікке ұрынғанына күйіндік. Қарсыласы Рио ойындарының қола жүлдегері, өткен жылғы Азия чемпионы екендігі сәл де болса көңілге демеу. Сәтсіздікке мойымай, енді жолдама алу маңызды.
Спорттың көркі – статистика. Азия чемпионаты араға он сегіз жыл салып Ташкентке қайта оралғанын айтып едік. Он сегіз жыл бұрын 12 салмақтың он бірінде жүлде алғанбыз: екі алтын, бес күміс, төрт қола. Қоңсы ағайындар жеті алтын, екі қоламен көш бастаған. Мұның бәрі естен кетпес тарих. Ал осыдан екі жыл бұрын Бангкоктегі сында жеті жүлде олжалаппыз: бес алтын, бір күміс және бір қола. Өзбекстан құрамасы 2 алтын, 5 күміс және 1 қолаға қарық болған.
Бұл жолы шаршы алаң иелеріне, бізге қанша алтын бұйырар екен? Бақ пен бап қатар шапса, Тай еліндегі тұғырымыздан түспейміз.
Айта кететіні, бүгінгі жартылай финалдық сындар сағат екіде басталады.

Жартылай финал жұптары:

49 кило:
Дусматов (Өзбекстан) – Амит (Үндістан)
Ган-Ердене (Моңғолия) – Ладон (Филиппин)

52 кило:
Латипов (Өзбекстан) – Исақұлов (Қазақстан)
Маамо (Филиппин) – Ким (Корея)

56 кило:
Ахмадалиев (Өзбекстан) — Хан (Корея)
Ералиев (Қазақстан) — Жанг Жиавей (Қытай)

60 кило:
Әбдірайымов (Өзбекстан) – Шан (Қытай)
Доржиамбу (Моңғолия) – Тапа (Үндістан)

64 кило:
Холдаров (Өзбекстан) – Ибрагимов (Қазақстан)
Баттарсук (Моңғолия) — Қобашев (Қырғызстан)

69 кило:
Гиясов (Өзбекстан) – Каземзадепуштири (Иран)
Жүсіпов (Қазақстан) – Биямба (Моңғолия)

75 кило:
Мадримов (Өзбекстан) – Аманқұл (Қазақстан)
Викас (Үндістан) – Ли (Корея)

81 кило:
Меликузиев (Өзбекстан) – Хуанг (Қытай)
Әлжанов (Қазақстан) – Нурагдиев (Түркіменстан)

91 кило:
Левит (Қазақстан) – Госсоун (Сирия)
Сангван (Үндістан) – Құрбанов (Тәжікстан)

Аса ауыр салмақ:
Қоңқабаев (Қазақстан) – Яшайш (Иордания)
Джалолов (Өзбекстан) — Мулаей (Сирия)

(Суреттi түсiрген — Данияр Майлыбаев)

автор: Тағабай Қасымов

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*