ОҚО-да еңбек өтілі 475 жыл болатын теміржолшы Жаңабаевтар династиясы тұрады

Арыс қаласында теміржол саласында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып еңбек етіп келе жатқан Жаңабаевтар әулеті өмір сүреді. Өткен жылы «Үздік еңбек әулеті» номинациясын жеңіп алған арыстық отбасындағы 17 теміржолшының саладағы жалпы еңбек өтілі 475 жылды құрайды.

Темір жол кәсібін бірінші бастаған әулеттің отағасы Күшікбаев Тазабек Жаңабайұлы ҰОС кезінде тылда еңбек етіп,  одан соң Арыстағы Теміржол су мекемесінде 36 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Сол жылдар ішінде ол іргелес жатқан Талдықұдық, Қабылсай, Шағыр станциялары мен разъездеріндегі халықты сумен қамтыған.

Бүгінде 85 жасқа толған Жаңабай ақсақал өмірлік серігі Райхан анамен 63 бірге тату-тәтті өмір сүріп, 7 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 22 немере, 18 шөбере сүйіп, бүгінде Райхан апамыз Кеңес Одағы кезінде «Батыр ана», Тәуелсіз еліміз берген «Алтын алқа» иегері атанып, құрметке бөленіп отыр.

Арыс қаласы маңындағы бұрынғы Қабылсай бекетінде тұратын Жаңабай қария бастаған теміржолшы мамандығына отбасынан 17 адам қосылып, бүгінде 14-і жалғастыруда. Яғни, 7 ұлы мен екі келіні және 5 немересі ата кәсіпті меңгерген.

Жаңабаевтар әулетінің ұзақ жылдар бойы теміржол саласында сіңірген еңбектері, жеткен жетістіктері мен қабілеттіліктерін, базалық дайындықтарын ескере отырып қоғамда Еңбек адамының мәртебесін арттыру және еңбек өнімділігін ынталандыру мақсатында облыс әкімінің «Үздік еңбек династиясы» номинациясы берілген болатын.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*