МАҚТАРАЛДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ ҚАНЫБЕК ПАТСАЕВТЫҢ БЮСТ-ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

Мақтарал ауданы «Ынтымақ» ауылдық округінде Ұлы Жеңістің 72 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» ордерінің иегері Қаныбек Патсаевтың бюст-ескерткіші ашылды. Айтулы іс-шараға ардагердің ұлы, ҚР Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі Ұлықбек Патсаев қатысты. Облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Жанат Сүлейменов, Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов және ауданның зиялы қауымы сөз сөйлеп, ардагердің ерлігін еске алды.Жетісай қаласынан «Ынтымақ» ауылдық округіне дейінгі аралықтағы жолды жүріп өтуге бағытталған велошерушілер дәл осы бюст-ескерткішке дейін жолды басып өтті. Велошеруге ауданның прокурорлар, жалпы құқық қорғау органдары қатысты. Сондай-ақ, Мақтарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов ҚР Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар департаментінің бастығы Ұлықбек Патсаевты «МАҚТАРАЛ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» атағымен марапаттады.

Айта кетейік, Ұлы Отан соғысының ардагері Қаныбек Патсаев 1920 жылы ОҚО бұрынғы Қызылқұм ауданы Шардара ауылында туылған. 1939 жылы Шымкенттегі Сәтбаев атындағы орта мектепті тәмамдап, Қызылқұм ауданындағы Ленин атындағы орта мектепке мүғалім болып орналасып, Шымкенттегі мемлекеттік мұғалімдер институтын 1941 жылы сырттай аяқтайды. 1942 жылы кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Шыршық соғыс комиссариатында офицерлер дайындайтын училищені бітірген соң, майданға аттанды. Әскер қатарында Степной, Воронеж, Бірінші және Екінші Украина майдандарының кұрамында атқыштар батальоны командирінің аға адьютанты лауазымын атқарды. Қаныбек Сағындықұлы соғыста екі рет жараланды – 1943 жылдың 13 қазан және сол жылдың 7 желтоқсанында. Жараланғанға дейін үш күн бұрын соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. 1944 жылы 30 қыркүйекте айқас кезінде көрсеткен батылдығы мен тапқырлығы үшін екінші рет «Қызыл жұлдыз» ордені берілді.

Қаныбек Патсаев Венгрияны, Румынияны, Чехословакияны фашистерден азат етуге де қатысады. Ержүректігінің, батылдығының, ерлігінің арқасында сол кезде тек генералдарға берілетін «Александр Невский» орденімен марапатталды. Соғысты жаяу әскерде капитан шенінде аяқтады. Соғыс соңында «Германияны жеңгені үшін» медальін иеленді.

1945 жылдың 9 мамыры – еліміз батырларының қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлердің күні. Солардың қанымен, ержүректігімен жауды жеңіп, жеңістің байрағын көтерген күн – Жеңіс күні.

(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*