Кәсіпкер Нұрлан Кабиштаев: «Қазақстанда қазақша бизнес жүргізу әдісі бар»

  

  Кабиштаев Нұрлан Орынбасарұлы, 27 жаста.  «Қазына Жер» ЖШС-нің атқарушы директоры, «Otyrar Agro Onimderi» компаниясының бас директоры. Алматыдағы Сулейман Демирел атындағы университетте экономика саласы бойынша білім алған. Еңбек жолын Алматы қаласында «KPMG» аудиторлық компаниясында бастап, соңынан  «Қазақстан ипотекалық компаниясында» АҚ, оңтүстік Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлер Палатасында қызмет атқарған. Бүгінде бірнеше кәсіптің басын ұстаған. Терең ойлы, зерек, жан-жақты, бірнеше тілді меңгерген. Жасына қарамастан, көзі қырағы кәсіпкерге тән қабілеттілік танытады. Жұмыс күні қауырт, өте жұмыстбасты азамат. Алайда, уақыт тауып, kungei.kz сайтының тілшісіне сұхбат беруге келісті.

  • Нұрлан, бизнеске қалай келдіңіз?
  • О баста болашақта кәсіпкер болуды көздегем. Алдымен тәжірибе жинақтау үшін еңбек жолымды ірі компаниядан бастауды жөн көрдім. Қызмет барысында, көп кәсіпкерлермен істес болдым. Олардың жұмыс тәжірибесі бизнес бастауға ықпал етті. Алғаш қолға алған жоба – Шымкентте ашқан клинингтік компания болды.
  • Неліктен дәл клинингтік қызмет түрін таңдадыңыз?
  • Шетелдің тәжірибесі түрткі болды. Оның үстіне, біздің елде бұл қызмет түріне сұраныс өсіп келеді. Басында кәсібіміз біршама табысты болды. Кейінірек бұл идеяны мезгілінен ертерек қолға алған екенбіз. Екі айдан соң, жоба тоқтатылды. Оған қоса, бұл бағыттың зерттелуі де жеткіліксіз болды. Сондықтан кәсіпке аяқ баспас бұрын, алдымен таңдаған саланы толыққанды зерттеген дұрыс.
  • Келесі қадамыңыз қандай болды?
  • Жобам тоқтатылған соң, Кәсіпкерлер Палатасына бөлім басшысы болып ұсыныс түсті, мен қабылдадым. Соңынан Палата басшысының экономика бойынша орынбасары қызметін атқардым. Бұл менің кәсіпте тәжірибемнің артуына әсер етті. Бір жарым жылдан кейін кішігірім капиталмен бизнесті қайта бастауға бел будым. Жаңа жобаны қолға алып, үш жыл қатарынан құрылыс материалдарының саудасымен айналыстық. 2015 жылдан бастап Түркияда шығарылатын ғы жаңаша құрылыс тауары – ғимараттардың сыртын қаптайтын материалдың ресми дистрибьютеріміз. Бұл Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінің аумағына алғаш әкелінген инновациялық құрылыс материалы. Қазіргі күні бұл бизнесті дамыту үшін қарққынды жұмыс жасап жатырмыз. Осы бизнесті жүргізе келе, «Қазына жер» ЖШС-нің басшысы атқарушы директордың қызметін ұсынды. Қазір бұл қызметімді де қатар алып жүрмін.
  • Бірнеше істі қатар алып жүру қиынға соқпай ма? Қалай үлгересіз?
  • Үнемі уақыт тығыз. Сондықтан уақытыңды ұтымды ұйымдастыра білу маңызды. «Жалғызды шаңы шықпас» дегендей, жеке жобаларымды басқаруда менің арқа сүйер серіктестерім бар.
  • Кәсіп бастамас бұрын, таңдаған бағытты зерттеуден бөлек, тағы қандай факторларды ескеру қажет?
  • Қазақстанда қазақша бизнес жүргізу әдісі бар. Жалпы, тек Қазақстан емес, ТМД елдеріндегі бизнес дәрежесін батыс елдерімен салыстыруға келмейді. Шетелде менеджмент, қаржы, бизнес институтционалды дәрежеде жұмыс істейді. Ал бізде бірізді жүйе жоқ. Сондықтан да көп нәрсе ақсайды. Жалпы нарықты алып қарағанда, біздің елде ниша ұғымын айтпауға болады. Себебі бәсекелестік айтарлықтай жоғары емес.( Шетелдікіндей, сауатты ойластырылған менеджментімен, жақсы инвестициямен компания құрылатын болса, еліміздегі ең белді компанияларды басып озуға болар еді.) Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстандағы ірі бизнесті алатын болсақ, таныс факторлары бар. Менің ойымша, бизнес тек қана мемлекеттік сатып алумен шектелмеу керек. Нағыз бизнес деген – нарыққа сататын, яғни, ешкімге бағынбайтын, бейтарап бизнес. Сондай-ақ, белгілі бір өңірдің нарығына тауар әкелсеңіз, кейбір факторларды ескеру қажет: менталитет, география, дін, әдет-ғұрып. Мысалы, азық-түлік сататын компания мұсылманн елдеріне кіретін болса, оның халал болғаны дұрыс.

 

 

 

  • Өз тәжірибеңізге сүйене отырып, кәсіпкерлерге тағы қандай кеңес бересіз?
  • Ең бастысы, сата білу маңызды. Бұл жиі кездеспейтін, алайда, маңызы зор қабілет.
  • Бұл туа біткен қабілет пе, әлде тәжірибемен келетін нәрсе ме?
  • Екеуі де. Кез-келген қабілетті еңбек, тәжірибе арқылы дамыту керек. Сату қабілеті – тек тауарды өткізіп қоймай, өзіңе сендіре білу, ықпал ете білу, дегеніңе жету. Сондықтан бұл қабілет кез-келген істе қажет.  Жалпы, адамдар екіге бөліндеі: кәсіпкерлер және басқарушылар. Басқарушылар дайын кәсіпті дамытса, кәсіпкерлер тәуекелге барып, жоқ жерден кәсіп бастай алатын адамдар. Алайда, сирек болса да, екі міндетті де өзі атқарып жүрген кәсіпкерлер бар. Мәселен, Марк Цукерберг.

Тағы бір айтарым – әрбір кәсіпкер тек бір іске күш жұмсауы керек. Біздің елдегі кәсіпкерлердің қателігі де сол – бір кәсіпте аздап табыс таба бастаса, дереу екінші істің басын ұстайды. Бұл дұрыс та шығар. Дегенмен, олар өзара байланысы бар салалар болса игі. Абзалы – бір саланы барынша дамыту. Ол үшін әр кәсіпкер үнемі ізденісте жүру керек деп ойлаймын. Дүниетанымы кең болуы керек. Білім алып, біліктілікті арттыру артық етпейді. Алайда, білім көзіне келгенде, мұқият болу керек.

 

  • Білім алу демекші, қазіргі таңда бизнеске арналған түрлі кітаптар көп. Түрлі бизнес-тренингтер дамып келеді. Олар қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?
  • Тиімсіз деп айта алмаймын. Кем дегенде, адамның дүниетанымы кеңейе түседі. Алайда, қазіргі таңда іс жүзінде тәжірибесі жоқ, теориялық білімі бар бизнес-тренерлер көп.
  • Меніңше, тренингтің өзі қазіргі таңда өтімді тауарға айналған секілді.
  • Ия, бұл сала да өз алдына кәсіп. Кез-келген бизнестің басты көрсеткіші – табыс мөлшері. Мәселен, бір компанияларда қызметкерлердің 80 пайызында CFA сертификаты (Chartered Financial Analyst – дипломды қаржы сарапшысы , қаржы мамандарына берілетін сертификат) бар, ал табыс мөлшері миллиондарды құрайды. Бірақ қызметкерлерінің бірінде де CFA сертификаты жоқ кейбір компаниялардың табысы миллиардтарды құрайды. Яғни,айтпағым – сертификат міндетті түрде табысқа әкеледі деген заң жоқ. Тренингтер де сол секілді, қосымша білім алу ешқашан артық етпейді, алайда, ол шешуші фактор емес. Көп нәрсе тәжірибемен келеді.
  • Ал өзіңіз бизнес-тренингтерге барып тұрасыз ба?
  • Шынымды айтсам, оған уақыт тапшы. Менің өзіме бірнеше рет бизнес-тренингтерді өткізуге ұсыныс түскен. Білгеніммен бөлісуден қашпаймын. Алайда, мен бұл нәрсеге әзірше ұмтылмаймын. Өзім қазіргі таңда Женевалық бизнес-мектепте MBA-ді аяқтап жатырмын. Енді алған білімімді практика жүзінде қолданып, нәтиже шығаруым керек. Кейінгісін алда көре жатармыз.
  • авторы: Гүлнұр Асқарбекқызы

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*