Нұртөре Жүсіп: Димаштың жетістігіне түркі халықтары қазақ секілді қуана қойған жоқ

Бұл жөнінде Республикалық «Айқын» газетінің директор-бас редакторы Нұртөре жүсіп, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында түркі халықтары журналистерінің форумында айтты.  «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» деп аталатын халықаралық форумда түркі халықтарына ортақ ақпараттық кеңістік құру жағы кеңінен талқыланған еді. Осы мәселе төңірегінде көпшілік алдында ой қозғаған Нұртөре Байтілесұлы, бірлікті қарапайым дүниелерден бастаған дұрыс деген ойын жеткізді.

«Мәселен жақында біздің Димаш Құдайберген деген қазақтың талантты баласы, миллиардтан астам қытайдың назарына ілігіп, әлемге аты шықты. Дүние дидарына Димаш деген атпенен жарқ ете қалды. Осы оқиға біздің түркі тілдес елдердің бұқаралық ақпараттық құралдарында қаншалықты жазылды деп сұрақ берсек. Қалпағымызды атып біз қуанғанымызбен бірақ,  түркі тілдес елдердің ақпарат құралдарында дәл сондай қуанышпенен атап көрсетілмегенін байқауға болады. Түркі баласы космосқа ұшатын болса да, жаңағыдай үлкен жетістікке жететін болса да, әрбір түркі баласының жетістігі, бізді біріктіретін, бірлестіретін оқиғаның желісіне айналып отыру керек. Осы тұрғыдан алғанда, мысалы Димашты Түркия елінде, Әзербайжанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда турнелерін ұйымдастырсақ. Францияның төрінде ән айтып жатқан осындай талантты баланы өзіміздің  бауырлас ағайындардың төріне шығарса, несі айып» деді ол.

Айта кету керек, Нұртөре Байтілесұлының бұл ұсынысын форумға келгендер қолдай кетіп, залды басына көтере шапалақ ұрды. Сонымен қатар, жаз айларында Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде бауырлас елдерден Өзбекстандық Юлдуз Усманова, Түркиялық Таркан секілді жұлдыздар да өнер көрсетсе деген ойын ортаға салды.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*