Мақтааралда мұғалімдердің Республикалық ғылыми-әдістемелік семинары өтті

Білім іргесі берік, тәжірибесі озат, талғамы биік мұғалім ғана ұстаз деңгейіне көтеріледі. Шын мықты шәкірт тәрбиелейді. Қазіргі білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті маман дайындау – келелі міндет. Елбасы саясатына сай, ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында Мақтаралда Республикалық ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Республикалық семинар барысында жаңартылған білім мазмұны бойынша арнайы курстан өткен 14 мұғалім ашық сабақ өткізіп, Мақтаралдық мұғалімдер  өзге өңірлерден келген әріптестерімен  тәжірибе алмасты. Бұл жиынның педагог кадрларға берері мол, – дейді ұйымдастырушылар.Бүгінде Мақтаралда  124  білім ошағы бар. Олардың арасында жаңартылған білім беру мазмұны аясында жоғары көрсеткіштерді бағындырғандары да баршылық. Жеңіс мектеп-гимназиясы 2016 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты базасында өткен «Педагогикалық жаңа идеялар фестивалінде»  бас жүлде иемденген. Шалғайдағы  шәкірттерді шыңдау үшін аудандық білім бөлімінің түзген жоспары жүйелі.

Озат педагогтардың ашық сабағында түрлі әдістемелер мен жаңа технологиялар қолданылды. Аудан бойынша алғаш өткізілген семинарға Қазақстанның әр түпкірінен мұғалімдер қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Семинарда оңтүстік облыс аудандары түгелдей онлайн режимге қосылған болатын. Ал, пленарлық отырыста Атырау, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе қалалары тікелей  байланыста болды. Күш – білімде. Осылай деген қатысушы педагогтар Ұлы дала ұландарын ұғымтал, дарынды етіп тәрбиелеуге бекінді.

 

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*