Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуға 672 отбасы ниет білдіріп отыр

   Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуға 672 отбасы ниет білдіріп отыр. Оның ішінде еңбекке қабілетті 1008 адамның 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-і кәсіпкерлікті дамытумен айналысуға, 794-і мемлекеттік кәсіпорындарға жұмысқа орналасуға ықыласты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының Оңтүстік өңірінде жүзеге асырылу жайын баяндаған кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.Биылғы жылдың ақпан айында облысымызға Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан 60-тан астам өкілдері келіп, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары мен  Шымкент қаласында өткен еңбек форумына  қатысқан болатын.  Нәтижесінде,  қатысқандардың ішінен 2019 мүшесі бар  672 отбасы қоныс аударуға ниет білдірген.   Ал,  биылғы жылдың сәуір айында Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары  мен Шымкент қаласынан  жалпы  58  отбасы Солтүстік Қазақстан облысына аттанды.

 Еңбек ресурстарының сұранысын қанағаттандыруға Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарымен ынтымақтастық меморандумдары жасалды.  Мұндай игілікті шараға аймақтың кәсіпкерлері де қызығушылықпен атсалысып келеді.

Таяуда  Оңтүстік Қазақстан облысынан 100-ге жуық отбасы өкілдерін  солтүстікке аттандыру көзделіп отыр.  Бұдан бөлек,  Көкшетау қаласындағы «Новопэк» кәсіпорны оңтүстікқазақстаннан 300 жұмысшыны шақыртып, баспанамен де қамтуды ұсынған. 

  Сонымен қатар, 2014 жылы «Серпін-2050» жобасы бастау алып, Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарындағы жоғары оқу орындарына және кәсіптік колледждерде білім алуға жалпы 3 жылда облысымыздан  5 627 жас  оқуға түскен. Енді 22 -24 мамыр күндері Шымкентте биылғы маусымға арналған «Серпін күндері» атты кездесулер өткізіліп,  жаңа түлектер тартылатын болады.

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*