Шымкенттің шағын аудандарындағы шағын көшелерге асфальт төселіп жатыр

Қаладағы «Қазығұрт» және «Сәуле» шағынаудандарында қазіргі таңда көшелерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы орайда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жөндеу жұмыстарының барысын бақылап қайтты.Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінде «Қазығұрт» шағынауданында Ғабдуллин, Арыстанбаб, Жібек жолы, Жұбанов, Қаратас көшелері жөнделуде. Бұған қоса «Сәуле» шағынауданында Баянауыл, Мұратбаев көшелері мен Абай көшесіндегі №8 балабақшаға апарар жолдың жұмысы қарқын алған. Мұндағы жолдардың жалпы ұзындығы – 11,224 шақырым. Ал жобаның жалпы құны – 605,506 млн теңге. Жұмыс 2016 жылдың маусым айында басталған. Енді 2017 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарлануда. Шымкент әкімі жөнделіп жатқан әр учаскеге қатысты ұсыныстар айтты.

«Қазығұрт» шағынауданының тұрғындары мұндай сапалы жөндеу жұмыстары ауылдарында ұзақ уақыттан бері болмағанын айтады. Жұбанов көшесінің тұрғыны, ардагер Берік Қалдыбековтың айтуынша, бұл маңда жол апаты жиі болатын көрінеді.

– Көлік иелері жолдағы шұңқырды айналып өтеміз деп, кейде жол апатына ұшырап жатады. Кейде түн ішінде тарсыл-гүрсілден далаға атып шығамыз. Жолды білетін өзіміз де көліктерімізді жөндеуден шаршадық. Енді сонша жылдан бері біздің жолдарға назар аударылып отыр. Қала басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді ақсақал.

Еске сала кетсек, келесі жылы «Қазығұрт» және «Сәуле» шағынаудандарында 12 көше толық жөнделеді. Олар: Кәсіподақ, Ш.Айманов, Шуақты, Орал, Ақан сері, Бақытты, Біржан сал, Нұрлы, Жұлдыз, Әулие ата, Торайғыров көшелері. Қазір бюджеттен осы қажеттіліктердің жобалық-сметалық құжатын жасауға қаржы бөлінуде.

Дереккөз: shymkala.kz

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*