Шардаралық шаруалар 30 тонна қарбызды Ресейге сатты

Шардаралық шаруалардың да бақша өнімдері баршылық. Ондағы Жаушықұм ауылдық округінде қарбыз егумен шұғылданып жатқан диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтті. 2 гектар алқапқа жамылғы астына ерте пісетін қарбыз тұқымын отырғызған «Бағдат» шаруа қожалығының диқандары пленканы қос қаптама түрінде жауып шыққан екен. Бірінші болып егістік алқаптан өнім артқан қожалық төрағасы Б.Шыназбаев әр гектарынан кем дегенде 40 тн-дан қарбыз алудан үмітті.Шардара ауданы бойынша жаушықұмдық шаруалар жамылғы астына өнім егуден алдыңғы орында тұр. Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары орналастырылған. Мұның 100 пайызы жамылғы астына егіліп отыр. Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы пленка астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады. Дегенмен, нарыққа ерте шығарып үлгерсе шыққан шығынның орны толады.

Жалпы, биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 53,4 мың га жерге бақша дақылдары егілген. Оның 32 мың гектарында қауын дақылы өсіп жатса, 21 мың гектары қарбыз алқабы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының болжамынша, 1 шілдеге қауын дақылы да пісіп, өңір нарқына жол тартпақ. Алдын ала есеп бойынша биыл да аймақ диқандары 1 млн. тоннаға жуық қауын-қарбыз жинап, көл-көсір өнімге қарық болады.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*