ОҚО-да жаңғақ шаруашылығын дамыту қолға алынды.

Оңтүстік Қазақстан обылысы Сарыағаш ауданы Жемісті елді мекенінде «Оңтүстік Қазақстанда өнеркәсіптік жаңғақ шаруашылығының болашағы және даму жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға елімізден өзге Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан жаңғақ шаруашлығын зерттеп жүрген тәжірбиелі ғалымдар қатысты.Халықаралық шараны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков ашып берді. Ол конференцияның еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды екендігін атап өтіп, өңірдегі жаңғақ шаруашылығын өркендетуге басымдық беріліп жатқандығын жеткізді. – „Оңтүстік Қазақстан облысы грек жаңғағын және миндаль өсіру үшін қолайлы орын болып табылады. „2020 жылға дейін жаңғақ жеміс дақылдарын дамыту“ бағдарламасына сәйкес облыста жаңғақ бауларының санын арттыру, жұмыс орындарын құру жоспарлануда, жаңғақты экспорттау мүмкіндігі пайда болады. Облыста жаңғақты дақылдар негізінен тұрғындардың жеке шаруашылықтарында 300 га алқапта өсіріледі. Шетел нарығында жаңғақтың 1 келісі 10 долларға пара-пар. Яғни жемістің бұл түрін экспорттау бізге мол табыс алып келеді. Сондықтан жаңғақ шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алдық. Ағымдағы жылы өңірде жаңғақ дақылын 400 га отырғызу межеленіп отыр. Жаңғақ баулары Қазығұрт , Төле би, Сарығаш және Түлкібас аудандарында егіледі» — деді Асқар Сәкенұлы.


Конференцияға қатысушылар алдымен «Сарығаш жер сыйы» шаруа қожалығын аралап, жаңғақ көшеттерінің түрлерімен танысып, оны баптаудың айла-тәсілдері жайлы қажетті мағлұматтар алды.


«Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу иституының бас директоры Н.Әжіметовтың айтуынша, әлемдегі жер көлемінің 7% ғана жаңғақ өсіруге жарамды. Қазақстан аймағында мұндай жерге тек оңтүстік өңірі кіреді. Елімідзегі жаңғақтың 85% Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі. Соған байланысты Қазақстан грек жаңғағын өндірістік өсіруге және экспортқа шығаруға бағыт алды, алдағы 2-3 жылда елімізде жаңғақ бауларының көлемін 5 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Біздің елімізде өндірістік жаңғақ шаруашылығын дамыту, грек жаңғағы, пісте және фундук өндірісін ұлғайту үшін шексіз мүмкіндіктер бар: қолайлы климаттық жағдайлар, егістік жерлер және жұмыс күші. Бұл бағытта фермерлер мен ғалымдардың тек бірлескен күштері қажет. Сол үшін осындай шараны ұйымдастырып отырмыз деді, — Н. Әжіметов.
Халықаралық шараның теориялық бөлімі аудандағы «Жібек жолы» салтанат сарайының конференц залында жалғасты. Отандық ғалымдардың айтуынша, еліміз жаңғақ шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Осыған орай, Франция, Польша, Испаниядан жаңғақтың өскіндері әкелініп, бүгінде олардан көшеттер алынуда. Алынған көшеттердің биолгиялық ерекшеліктері мен климаттық бейімділігі зерденеліп болған соң, олар аймақтарға егіледі. Жаңғақ бауының әр гектарынан 3 млн теңгеге дейін пайда табуға болады.- дейді сарапшылар.
Көршілес мемлекеттер арасында жаңғақ шаруашылығы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда жақсы дамыған. Конференцияға келген аталған елдердің ғалымдары жаңғақ өсірудің құпиялары мен технологияларын түсіндіріп, тәжірбиелерімен бөлісті. Шет елдік ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда жаңғақ шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Тек оның тиімділігін шаруаларға кеңінен насихаттау қажет.
Бүгінде Қазақстанның жаңғақ өсірушілері «Жаңғақ және жидек өндірушілер» қауымдастығына біріккен. Қауымдастық шауралар мен биліктің қызметін үйлестіруге, мемлекеттен қаржылай қолдау алуға, жаңғақтың заманауи жоғары өнімді сұрыптарын шығару мен өнімді тиімді сату бойынша мәселелерді шешуге көмек көрсетеді.

Бірінші болып пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің эл.почтаңыз сайтқа ашық жарияланатын болмайды.


*